Bugin
Фото: ortalyq.kz
Сенат төрағасы халықтың несиеге күн көріп отырғанын айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Мәулен Әшімбаев пайыз мөлшерінің жоғары болуы және жобаларды пысықтауға мән берілмеуі Қазақстандағы бизнеске несие берудің төмендеуіне әкеп соғып отырғанын алға тартты. Оның сөзінше, халықтың жаппай несие алуға ұмтылуының себебі бизнестің несие салдарынан дұрыс дамымауы.
"Біз көріп отырған маңызды көрсеткіш – тұтынушы несиесінің өсу қарқыны – 2,4%. Бұл бизнеске несие берудің өсу қарқынынан – 0,8% жоғары. Үш есеге жақын. Осы сандар мен үрдіс біздің бизнестің дұрыс дамымай отырғанын көрсетеді. Ол тіпті негізгі қорларға инвестицияның төмендеуінен де көрініп тұр. Халықтың үсті-үстіне несие алғаны байқалып отыр. Бұл халық өмірінің жақсылығын емес, табысы аз және әл-ауқаты төмен екендігін көрсетеді. Бұл олардың тұтынушы несиесі арқылы күн көретінін байқатады. Ұдайы әлдебір "саңылауды" жауып жүреді. Тиісінше, олар одан кейін ол несиелерді өтей алмайды. Сондықтан бұл – кешенді мәселе және ертең өңдеу өнеркәсібі бойынша парламенттік тыңдауда осы мәселелерді ішінара көтереміз", – деді Мәулен Әшімбаев.