Bugin
Фото: depositphotos.com
"Не молчи" қоры 2 жылдан бері әділ шешімге қол жеткізе алмай жүрген жәбірленуші туралы жазды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі дереккөздің Instagram желісіндегі жазбасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбірленушінің өтініші 2022 жылдың мамыр айында түскен. Қызды уақытша ұстау изоляторының бастығы А. (есімі өзгертілді – авт) аяусыз ұрып-соғып, зорлаған екен.
"Не молчи" қорының өкілдері істі лезде қолға алған. Дегенмен істе қандай да бір кедергілер болған. Ол туралы қор:
"2023 жылдың 29 мамырында Риддер қалалық сотының судьясы Ноғаев сотталушыны ақтады. 2023 жылдың шілде айында апелляциялық сот өтті. Ал сотталушы тағы да ақталды",-деп мәлімдеді.
Жоғарғы соттан судья Назгүл Рахметуллина іс материалдарымен танысып, істі сот тергеуіне қайтарған. Сот төрешісі үкімдердің күшін жою туралы шешім қабылдағаны туралы қор өкілдері қуана хабарлады.
Жәбірленуші тек зорлық көрмеген. Сол жағдайдан кейін ол көп жарақат алған. Кеуде сүйегі сынып, бас-миы жарақаттанған, денесінің біраз жері көгерген.
Тергеу кезінде әйелге "өзі мас болған, кіммен ұйықтағаны есінде жоқ" деп жала жабылған.
Іс енді қайта сотта қаралады. Қор постты "сүйегі сынғанша ұрып, зорлаған" деген атаумен жариялады.