Bugin

1991 жылдан бері қанша қазақ тарихи отанына оралғаны белгілі болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1991 жылдан бері қанша қазақ тарихи отанына оралғанын айтты, - деп хабарлайды Bugin.kz 

2024 жылғы 1 мамырдағы статистикаға сәйкес, 5 926 қазақ тарихи отанына келіп, қандас мәртебесін алған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 134,3 мың этникалық қазақ оралған.

"Жыл басынан бері Қазақстанға оралған қандастардың жартысынан көбі (50,3 пайызы) Қытайдан, 33,4 пайыз – Өзбекстаннан, 6,4 пайыз – Түрікменстаннан, 5,2 пайыз – Моңғолиядан, 3,4 пайыз – Ресейден және 1,3 пайыз басқа елдерден келген. Еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,9 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,6 пайыз және зейнеткерлер 9,5 пайыз болады", - делінген хабарламада.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17 пайызы жоғары білімді, 22,6 пайызы орта кәсіби білімді, 55,1 пайызы жалпы орта білімді және 5,3 пайызының білімі жоқ.

Елген келген этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне орналасқан. Сонымен қатар, оларды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталған. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру аймақтарына 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адам болады, ал өңірлерге 1453 қандас орналасқан.

Жоғарыда аталған өңірлерде қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерде ақшалай жәрдем беріледі. Ал тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерде көмек көрсетіледі.