Bugin

“Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ”: әскерде "жұмбақ жағдайда жарақат алған" сарбаздың тағдыры

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ербаян Мұхтар. ulysmedia.kz

Алматыда былтыр желтоқсан айында комаға түсіп, биыл сәуірде оянған сарбаздың туыстары табаны тозып жүр. Олар Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде әскери борышын өтеген Ербаян Мұхтарды Астанаға жеткізе алмай әлекке түскен. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева мен әжесі Күләш Смайылова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жоғарғы сотқа, Қазақстан халқына тағы үндеу жариялады.

Ербаян Мұхтар былтыр мамырда мерзімді әскери қызметке алынған. 2023 жылдың 4 желтоқсанында түнде Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 бөліміндегі дәретханада құлап, басы жарақаттанған. Орталық клиникалық ауруханасының анықтамасы бойынша, сарбаздың бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынған, ауыр ми жарақатын алған. Әскери бөлім "сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.

Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева:

"Армияда шектен шыққан жайттар болып жатыр. Ербаян комадан шыққаннан кейін біз оны палатаға ауыстырғымыз келген. Бірақ оны қалайда бірден әскери госпитальге ауыстырып жіберді. Ол жақта Ербаян екінші рет комаға түсіп қалды. Не себепті оны сауыққанша қалалық 12-ші ауруханада қалдырмады? Ербаян есін жиса, болған жайттың бәрін айтып береді деп қорықты ма? " – дейді ол.

Гүлсім Қамиева алты ай бойы әділеттілікті іздеп, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ дейді. Ол:

"Кінәлі адамдар жазасын алсын деп талап етемін! Соған сенем! Менің ұлымды Астанаға жеткізуге көмектесіңіздерші! Оған күтім мен ем керек! Егер осы жақта емдей алмаса, шетелге емдейтін жағдай керек! Кәмелетке толмаған үш баламды Астанаға қалдырып, Алматыда жүрмін. Материалдық та, моральдық да жағдайымыз нашарлап кетті. Ана ретінде маған көмектесуді сұраймын", – дейді.

Гүлсім Қамиеваға ресми санавиация Ербаян үшін бармайтынын, жолай болса алып кететіндерін айтқан. Ербаянның әскери борышын өтеу мерзімі 27 мамырда аяқталады. Оның отбасысы бұл әрекет уақыт созу үшін жасалып жатыр деп қорқады.

Жігіттің жарақат алғанына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Ербаянның ата-анасының айтуынша, сарбаз комада жатқандықтан түсініктеме бере алмайды деп іс уақытша тоқтатылған.