БІЛІМ

Мырзатай Жолдасбеков: “Қазақ бұдан да құтыла алмай ма деп қорқамын”

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Мырзатай Жолдасбеков, bugin.kz

Бүгін, 27 мамыр – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің туған күні. Bugin.kz порталы ғалым жайлы деректер ұсынады. 

Профессор 1937 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақтөбе ауылында туған. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласқан. Білімге құштар болған Жолдасбеков жас кезінде гармон тартып, кештердің сәнін келтіріп жүретін болған екен.

Мырзатай Жолдасбеков – жазба әдебиетіміздің VІІІ ғасырда қалыптасқанын дәлелдеп, түркі мұрасын түгендеген ғалым. Ол Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін зерттеп, қазақ тіліндегі аудармасын қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып ғылыми айналымға енгізді. 

Профессор “Халықтар достығы”, “Құрмет” ордендерімен марапатталған. 

Белгілі тұлғаның еңбектерімен қатар, ой саларлық күнделіктері де бар. Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен қазақ қоғамындағы маңызды мәселелерді қозғаған үзіндісін ұсынамыз.

Құданың құдыреті, бүгінде қазаққа ата мұрасынан, ата дінінен гөрі жаттың дінін, оның салтын қабылдау оңай болып барады. Ата жолынан тайып, ұлттың тілінен, дінінен безіп, өзгенің дертін арқалап, солардың кітабын көтеріп, дәріптеп жүрген жастар көбейіп барады. Мұның арты неге апарып соғар екен? Жұрт осыны да ойланса жөн еді.

Отырып алып біреуді жамандағанда алдына жан салмайтындар қаншама? Тіріні қойып, олар өлгендерді де жамандайды. "Өлгендерді жамандамаңдар, олар жауап беретін жеріне барды" дейді екен Құранда. Жаманда, жамандама, енді оларды тірілтіп әкеп, ешкім түзей алмайды. Задында әруаққа тиіспеген жөн. Осының бәрі өсектен шығады. Өсек дейтінің де қаулап тұрған өрт, адам баласының тұла бойын жайлаған дерт. Қазақ бұдан да құтыла алмай ма деп қорқамын. Өйткені, жағымсыз, жат мінездің бәрі кісінің өзімен бірге туатындай болады да тұрады маған.

"Қызды қырық үйден тый" дейді қазақ. Еркіндіктің шексіздігі соншалық, жұрттың көбі осы күндері ұлына да, қызына да ие бола алмай барады. Еліміздің келешегі солардың белінде жүргенін жастар ойлай бермейтін тәрізді. "Қарғадан қарға туар қарқылдаған" деп Сүйінбай айтқандай, қарғадан қарқылдайтын қарға туып жатқан секілді. Тектіден – текті, тексізден - тексіз туады, сұңқардан сұңқар туады, жақсыдан жақсы туады, бақсыдан бақсы туады. Қыздарымыз қарға туып жатса, қыранды қайдан табамыз?

Мен мұны айтқанда, ой тоқтатып, көңіл жұбататын ештеңе таппағандықтан айтып отырғаным жоқ, теріс мінез, жат қылық етек алып бара жатқан соң айтып отырмын. Бір сұмдығы – осыны қазақтың бәрі біледі.

Демократия қайдалап, аттан салып жүргендердің, ел ішіне іріткі салып жүргендердің шаршамайтынына таңым бар. Және солар қазақтың қамын ойлап жүрсе бір сәрі ғой.

Күнделік деген осы. Кейде оның тұңғиық тереңіне түсесің. Ойдың жетегінде кетесің. Көңілден кетпейтін, ойдан шықпайтын, абай болатын мәселе – бала тәрбиесі. Біз одан айырылсақ, бәрінен де айырылып қаламыз. Бүгін сен түзелсең, ертең ел түзеледі. Ұлы дала, байтақ жер өзінің иесін табады, бәрі де жүйесін табады, киесін де табады. Жұрттың бәрі кісіліктің жолына түссе, елдің де көсегесі көгереді, керегесі кеңейеді. Сонда біз өнегелі ұлт боламыз. Тұтасамыз. Кемелденеміз. Салиқалы боламыз.