Bugin

"2 мыңнан астам адам тірідей көмілді": жер бетінен бір ауыл жойылып кетті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: STR/AFP/Getty Images

Папуа-Жаңа Гвинеяда көшкін салдарынан 2 мыңнан астам адам қаза тапты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Франс Пресс басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, Мунгало тауының баурайында орналасқан Мулитака ауылы табиғи апат салдарынан жер бетінен толықтай дерлік жойылып кеткен. Көшкіннің одан әрі қозғалуы құтқарушылар мен аман қалғандар үшін қосымша қауіп төндіреді,- деп Папуа-Жаңа Гвинея үкіметі БҰҰ-на үндеу жолдады.

БҰҰ миссиясы 27 мамырдағы үндеуінде:

"Көшкін 2000-нан астам адамды тірідей көміп, орасан апатқа себеп болды", - деп хабарлады.

"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, билік басында көшкін 60-қа жуық үйді қиратты деп есептеген.  Қазір 150-ден астам үй, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар жойылғаны белгілі болды.

Апат аймағындағы түрлі тайпалар арасындағы қақтығыстар салдарынан қазіргі уақытта қоқыстарды тазарту үшін гуманитарлық көмек пен ауыр техниканы әкелу қиын. Мамырдың 27-сі күні жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары қолдарына күрек пен таяқ алып зардап шеккендерді іздеуді жалғастырғаны белгілі болды.

Халықаралық ұйымдар мен өзге мемлекеттер бүгін, 28 мамырдан бастап бұл елге көмек береді.