МӘДЕНИЕТ
Фотоколлаж: bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек
23 мамырда қазақ қоғамының жанашыры, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы “Соңғы үкім” толықметражды тарихи драма кинотеатрдан көрсетіле бастады. Туындыны тамашалаған Bugin.kz тілшісі алған әсері мен фильм туралы ақпаратты оқырман назарына ұсынады.
“Соңғы үкім” фильмінің мақсаты – көпшілікке рухани азық сыйлап, ұлттық сананы ояту.
Тарихи драмада халық ағартушысы мен оның сенімді серіктерінің басынан өткен ауыр тағдыры көрсетіледі. Қазақ жерін сақтап, орыс шаруаларының кіруіне қарсы болып, кісілік хақын қорғағысы келген Ахмет Байтұрсынұлының толық бейнесі мен халыққа білім беру жолындағы күресі баяндалады. Ахметтің әкесі тіл білмей, өзіне тағылған айыпқа қарсы тұра алмаған. “Қағанағынан қағылып туған азғындардан” қорлық көреді. Ахметтің ағасынан қалған екі бауырын ұрып өлтіріп, айдалаға көміп кеткен. Осы себепті Ахмет өз құқығын қорғау үшін білім алады, тіл үйренеді. Ұлт ұстазы қазақ баласы, ең болмаса, бастауышта қазақ тілін оқысын деп жанталасқан.
Фильмде “Қазақ” газетінің де тағдыры көрсетіледі. Алаш өкілдерінің осы газеттің 265 нөмірін зорға шығарғанын, 26 рет жабылғанын, оларға аямай айыппұл салғанын да айтады.
Ахмет Байтұрсынұлының рөлін актер Азамат Сатыбалды сомдайды. Ал жары Бадрисафаның рөлін Дарья Александрова ойнап шыққан.
Фильм Ахметтің суық абақтыға отырған сәтінен басталып, әр жылдардағы маңызды оқиғалар желісімен өткенге көз жүгіртеді. Әулиекөл, Торғай өңірінің сұлу табиғаты, қазақ жерінің кең даласы мен әсем әуені фильмге әр бергендей әсер қалдырады.
Ахметті бес рет түрмеге қамайды. Оның жары Бадрисафа мен бала-шағасы қара дауылда қалса да, қайғы-қасіреттен басқа ештеңе таппаса да, соңына дейін күреседі. Александра Ахмет үшін дінін, ұлтын, есімін өзгертіп, Бадрисафаға айналған. Оның сауаты мен білімі көпке күдік ұялатады. Ахметтің бұл құпиясын ашу үшін де жанынан сатқындар табылады.
Алматы қаласының тұрғыны Әуесханқызы Индира фильм көңілінен шыққанын айтады.
“Бұрын Ахмет Байтұрсынұлы туралы “Ахмет. Ұлт ұстазы” телехикаясын көргенмін. Толықметражды фильм шығатынын естіп, алдын ала жоспарлап келдім. Қазақтың зиялылары жайлы кезекті туынды көңілден шықты. Жалпы мұндай фильмдерді сынаудың қажеті жоқ. Керісінше, бізге мұндай фильмдердің санын көбейту керек. Азамат Сатыбалдының актерлік шеберлігі керемет екен. Ахметтің көрген қиындығын сезініп, жүрегіміз ауырды. Осыдан кейін қазақ тілінде сөйлемеуіміз күнә шығар деп ойладым”, - дейді зейнеткер.
Фильмді көруге келген жастардың да қарасы көп. Солардың бірі студент Чинарова Камилланың айтуынша, фильм актерлері сәтті таңдалған.
“Тарихи драма көңілімнен шықты. Әсіресе, кинотуындының актерлік құрамы керемет болды. Фильмді көріп, сол заманға түсіп кеткен сияқты болдым. Қазақ зиялыларына жасалған аяусыз азапты фильм арқылы көрудің өзі ауыр болды. Олардың сол сәттегі күйін айтып жеткізе алмайтын шығармыз.
Туындыда Ахмет Байтұрсынұлы мен жұбайы Бадрисафа арасындағы құрмет пен махаббат әдемі суреттеліпті. Осы сәті қатты әсер етті. Әлихан Бөкейханұлы мен Міржақып Дулатұлының еңбектері бойымдағы рухты оятып жібергендей болды”, - дейді студент.
Кинотуынды арқылы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі мен ұлты үшін көрсеткен батылдығын әр көрермен жүрекпен сезіне алды.
Материал авторы: Ақжан Берікқызы