ДАМУ
Фотоколлаж: bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек
Әлемге әйгілі жазушы Джек Лондонның “Мартин Иден” кітабы мен "Мартин Иден" синдромын не байланыстырады? Bugin.kz тілшісі осы сұрақтың қызық жауабын оқырман назарына ұсынады.
Шығармада қарапайым теңізшінің арман мен жетістікке жету үшін жасаған іс-әрекеттері қалың оқырманды ерекше жігерлендіреді.
Мартин беделді қоғам мүшелеріне қызыға қарап жүріп, біраз уақыттан кейін өзі де сол ортаның қатарынан табылады. Ол бұған махаббаттың күшімен, талабымен жетеді. Кейіннен кейіпкердің жағдайы қиындай түседі. Ол қалаған мақсатына жетсе де, өз істегендеріне қанағаттанбайды. Жетістікке жетсе де, ол күш-жігерін жоғалтқан адамға айналғандай сезінеді. Бұл күй оны айналасындағы тіршіліктен алыстатады. Қызығушылығы, шабыты таусылып, бір орында тоқтап қалады. Әрі қарай өзіне не керегін білмей, ішкі күйін түсінбеген Мартиннің бір сәтте бәрінен көңілі қалады. Ойлаған арманына жеткен соң, істеген ісінен зеріге бастайды.
Жаны жалығып, жабырқау күйге түскен Мартин “Өмірдің мәні неде?” деген сұраққа жауап таба алмайды. Жанкештілікпен қоғамның қаймағына айналса да, бұл оған ұзақ қуаныш сыйламайды.
Психологтар бұл күйді синдром деп атап, Джек Лондонның кейіпкерімен байланыстырған. Осылайша “Мартин Иден синдромы” пайда болған.
Роман соңында өмірдің мәнін таба алмаған Мартин өзін теңізге тастап, батып өледі.
Мамандардың айтуыша, бұл синдром тым биік мақсат қойып, соған жету жолында жүйке жүйесінің тозғанынан, ауыр әрі ұзақ жұмыстың кесірінен денсаулыққа немқұрайлы қарағаннан пайда болады. Сонымен қатар аурудың пайда болуы – адамның психикасының әлсізденіп, дұрыс жұмыс істемеуімен байланысты. Сонымен қатар адамның өзін қатты сөгіп, талапшыл болуы да дерттің қозуына ықпал етеді. Егер адам тек бір ғана мәселеге назар аударса, өмірдің қызығы мен мәнін жоғалтуы әбден мүмкін. Тым жоғары үміт пен қиял синдромды ушықтырады. Бәрінің мінсіз түрде орындалмағаны адамды күйзеліске ұшыратады. Ал бұл психиканың қалыпты жұмысына нұқсан келтіреді. Дәрігерлер мұндай патологиялық жағдайлардың дамуын адамның мінезімен де байланыстырып жатады.
Нәтижеге жетудің ұзақ жолы және көптеген психикалық және физикалық белсенділік әр жағдайда жақсы жағынан нәтиже әкеле бермейді. Оның айқын дәлелі – “Мартин Иденнің” прототипі болған әйгілі Джек Лондонның өзі. Тірі жанның психикасы мен жүйке жүйесі ұзақ уақытқа және әлсірететін қысымға төтеп бере алмайды. Оның соңы құлдырауға әкеп соғады. Сол себепті адам мақсат пен нәтижеге жету жолында, ең бірінші, өзінің ішкі күйін тыңдай білуі керек.
Материал авторы: Ақжан Берікқызы