Bugin
Фото: видеодан кадр
Атырау облысында 2009 жылғы жасөспірім суға кетіп, қайтыс болды. Қайғылы жағдай Индер ауданы Индербор кентінде болған, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
29 мамырда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Индер ауданы Индербор кентінде Жайық өзенінің тасуынан жиналған судан жасөспірімнің денесін шығарды. 2009 жылы туған Индербор кентінің тұрғыны 28 мамырда күндізгі уақытта достарымен өзенге кетіп, кері оралмаған.
Құтқарушылар сол уақыттан бастап іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 29 мамырда түнгі сағат 04:40 шамасында жасөспірімнің денесін судан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.
Қазір Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты өзен суы өз арнасынан асқан. Ал жасөспірімдер 170 см биіктіктегі жайылма суға шомылғаны анықталды.
Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті су тасқыны кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, жазғы демалыс уақытында балаларды назардан тыс қалдырмауға шақырады. Ағыспен келген қоқыстар, ағаш қалдықтары мен басқа да заттар қауіпті саналады.