Bugin
Фото: astanatv
Атырау облысының тұрғыны 17 жастағы ұлының өліміне полицейлерді кінәлады, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы Астана арнасына сілтеме жасап.
Туыстары "құқық қорғаушылар жазадан сытылып кете ме?" деп қорқады. Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Жанаргүл Шүренбай әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялады. Онда мотоцикл тізгінінде болған 17 жастағы ұлын полиция қызметкерлері қызметтік көлікпен қуып, басып өлтірді дейді.
"Ұлым Кемелбай Мереке ер жетіп, азамат болғанда полиция қызметкерлері заңсыз қуып, мотоциклден құлатып, одан әрі басынан басып өлтіріп отыр. Менің ұлым қылмыскер емес. Жасы бар болғаны 17-де еді. Ол баланы қуатындай қандай себеп болды соншама. Ұлымның өліміне қатысты екі полицейдің жазадан құтылып кетпеуіне қолдау сұраймын", - деп үндеу жасады марқұмның анасы Жанаргүл Шүренбай.
Қайғылы жағдай 25 сәуір күні түс кезінде болған. Мотоцикл тізгініндегі жасөспірім оқиға орнында қаза табады. Оның қасындағы жолаушы дін аман. Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Патрулдік көлікті басқарған полиция қызметкері жұмыстан қуылыпты.
"Сотқа дейінгі тергеу амалдарын өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Қызметтік көлік жүргізген полиция қызметкері жұмыстан босатылды. Екінші, оның жанындағы қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.