Bugin
Фото: polisia.kz
Ішкі істер министрлігі 22-24 мамыр аралығында “STOP-трафик” жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Адам саудасының 49 фактісі, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты тоғыз факт анықталды.
Петропавл қаласында 2023 жылдан бастап жас қыздарды еркінен тыс жыныстық қатынасқа саудалап келген қылмыстық топ құрықталды. Моншада жас қыздарды сексуалды қызметке мәжбүрлеген топ Астана және Шымкент қалаларынан да анықталды.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс:
"Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға қоқан-лоққы және күш көрсетіп, оларды қайыр сұрауға мәжбүрлеп, “бизнес” ұйымдастырған адамдар тобы ұсталды. Қылмыскерлер өз құрбандарының есебінен жылына 10 млн теңгеге дейін табыс тауып отырған. Осыған ұқсас қылмыстық топтардың әрекеттері Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарының аумағында әшкереленді. Онда мүгедектер мен жас балаларды базарлар мен вокзалдар аумағында пайдаланған. Барлық қылмыскерлер құрықталды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі", -деді.