Bugin
Фото: Yonatan Sindel / Flash90
Израиль парламентінде премьер-министр Биньямин Нетаньяху зымыран Рафахқа атылған кезде “қайғылы қателік жіберілгенін” мойындады. Ол нақты қандай қателік болғанын айтпады, бірақ жағдай тексеріліп жатқанын айтты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі kun,uz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Рафахта 27 мамырға қараған түні зымыран шабуылы салдарынан босқындар тұрып жатқан шатырлардың өртенгенін көрсететін кадрлар тарап кеткен. Шабуыл салдарынан 45 адам қаза тапқаны ресми деректерде айтылған еді.
Нетаньяху:
“Бейбіт тұрғындарға зиян келтірмеуге тырысқанымызға қарамастан, қайғылы қателік болды. Жағдайды тексеріп, қорытынды жасаймыз.”, - деді.
Израиль әскері мәлімдеме жасап, соққының бейбіт тұрғындарға зиянын тигізбегенін, керісінше ХАМАС-тың жоғары шенді екі сарбазының қаза тапқанын айтты. Бірақ бейбіт тұрғындардың өлімін көрсететін кадрлар жарияланып, халықаралық қауымдастық соққыны айыптағаннан кейін Израиль әскерилері тергеуді бастағанын хабарлады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі сейсенбі күні Израильдің Рафах қаласына жасаған қанды әуе шабуылынан кейін шұғыл жиын өткізді. Жабық есік жағдайында өткен кездесуді қауіпсіздік кеңесінің уақытша мүшесі Алжир шақырды.