МӘДЕНИЕТ
Фотоколлаж: bugin.kz
Бүгін – халықаралық феминизм күні. Ер мен әйел теңдігі мен құқығын қолдау күні қарсаңында Bugin.kz порталы қазақ қыз-келіншектерінің жасына қарай киген баскиім үлгілерін ұсынады:
- 0-3 жас (нәресте, сәби) – ит тақия, сырма, кепеш тақия;
- 5 жас – шыт тақия;
- 7-13 жас – үкілі тақия, тепеш, жұрынды бөрік (төрт сай, шошақ төбелі ) топы, көз тәті, үлбірлі үкілеген жаннат бөрік;
- 13-тен кейін (бір мүшел) отау иесі – сораба, жанатпен жиектелген қауырсын қадаған дәрежелі қарқара бөрік. Бойжеткен қыздың баскиімінің ең мәртебелісі – қарқара бөрік. Қарқара – биік тауды мекендейтін сирек кездесетін, қауырсыны жан-жағына үлпілдеп өрнектері төгіліп тұратын ерекше көрікті құс;
- 25 жас (екінші мүшел) – сәт құндызды салтанатты тәж сәукеле, зерленген шашақты қасаба. Қалыңдық үйлену тойында сәукеле немесе қасаба(қымбат матадан тігілген) да киген. Ал жас келіншектер басына сұлама немесе сәукеле жаулық киген, бұл жерде оның екінші атауы тегін берілмеген, себебі, оның шығу тегі сәукеле тәрізді пішімге байланысты. Жас келіншектер тартатын шылауыштардың бұрышын кестелеп, төбесінен шашақ төгілтіп, кестеленген төбелдірік те пайдаланады Бір-екі баланы дүниеге әкелген 20-24 жастағы жас келіншек (екінші мүшелінде) лачек атты баскиім киген;
- 37 жас (үшінші мүшел) – кимешек. Кимешекке қосымша бөлшектердің атаулары: шылауыш, бұрмаша жаулық, сәлде, күндік, құндыз бөрік, шыт байлама, желек, салы (шәлі). Күндік жаулық тартқан әйел күнге қарсы жүргенде, күндіктің маңдайындағы үшбұрышты қаттаманы еңкейтіп түсіріп қояды. Күндік жаулық кимешектің сыртынан жартылай оралып, тартылады;
- 49 жаста (төртінші мүшел) сән-салтанаты биязылау кимешек;
- 50-60 жас аралығындағы әйел ақ матадан лачек киеді. Оның қазақ кимешегі сынды бетке оралған ойығы, ашық немесе жабық тігілген төбелдірігі мен күләпарасы бар;
- 61-73 жас аралықтары кейуана деңгейіне жатады. Бұл кезеңде баскиімнің жеңілдеу жалаң кимешек, иекше, байлауыш түрлерін киген.
Деректер "Киелі кимешек" фотоальбомынан алынды
Материал авторы : Бану Әбдіғалиева