Bugin
Фото: Видеодан алынған скриншот
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Ulysmedia YouTube арнасына сұхбат берді, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Назым Қаһарман Бишімбаевтың әйелі болғанына өкінбейтінін айтты.
"Мен жақсы әйел, жақсы келін бола алдым. Жақсы болу үшін қанша жылым, уақытым кетті. Мен министрдің әйелі болдым, түрмедегі Қуандықтың әйелі болдым. Соның бәрі маған тәжірибе болды. Мен өкінбеймін. Сол арқылы мен өзімді таптым",- дейді Назым Қаһарман.
Ол Салтанат Нүкенова қаза болған күнді қайғыра еске алды.
"Ешкімнің басына бұл жағдайды тілемеймін. Жаңалықтарда әртүрлі ақпарат тараған. Мені туысқандарым іздеп кетті. Олар мені өлтіріп қойған деп ойлапты. Мен балалар білмесін деп интернетті өшіріп едім. Үлкен балам үйде достарымен отырған. Сол келді. Түрі өзгеріп кеткен. 14 жастағы балам 41 жастағы еркекке айналып кеткендей көрінді. Бұл жағдай өте ауыр еді",- деді ол.
Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен бір шаңырақта тұрған кезін еске алды.
"14 жыл қорлық көрдім деп айтпаймын. 7-9 жыл аралығы. Ол билікке қол жеткізгеннен кейін бастады. Қазақта "ұят болады" деген сөз бар ғой. Көп жылым сол сөзбен өтті. Кейін "менде бір нәрсе дұрыс емес шығар" деп өзіммен жұмыс жасаумен көп уақытымды өткіздім. Бірақ түсіндім. Менде бәрі дұрыс. Ал ол (Қуандық Бишімбаев) өзімен ешқашан жұмыс жасамаған",-дейді Назым Қаһарман.
Бишімбаев өзінің экс-әйелін жазықсыз жазғыра беретін болған.
"Балаларды көрсетпейтінін айтатын. Қорқытатын. Барлық отбасыда ұрыс болады. Бізде де болатын. Бірақ біздің отбасыдағы ұрысқа мен кінәлі болып шығатынмын. Ол солай айтатын. "Сен кінәлісің", "сеніңкі дұрыс емес" деп. Мен сол сөздерге сеніп өзіммен көп жұмыс жасадым. Сүйкімді болуға, әдемі, ақылды болуға тырыстым", - дейді Назым Қаһарман.
Назым Қаһарман қазақ қыздарының ақылды, саналы болғанын қалайтынын айтты. Өзімен жұмыс істеп, ішкі жан-қалауын бірінші орынға қою керегін ескертті.