Bugin
Фото: bugin.kz
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. ҚР мемлекеттік Орталық музейі мереке күніне орай “Бар мейіріміміз балаларға” мерекелік шарасын өткізді. “MUSEUM FOR KIDS” балаларға арналған жазғы музей лагерінің ашылуы өтті. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.
Іс-шара барысында қолөнер шеберлері мен өнер мектебінің ұстаздары қолөнер ісінің түрлерін көрсетті.
“ByArT” өнер студиясының “Сиқырлы батик” (жібекке сурет салу), Гүлзира Сәрсембаеваның “Қазақтың дәстүрлі қолөнері”, Ажар Төлеубаеваның “Қаттама-Құрақ әдісіндегі кулон” және Толғанай Сембаеваның “Жүннен жасалған брошь-гүлдер мен моншақтар” тақырыбында шеберлік сабақтары өтті. Оқушылар сарайына қарасты “Ақ киіз” өнер студиясының жетекшісі Бақытжан Тұрдақынова “Акварельді кесіндемені” көрсетті. Ал “Ұмай” балалар өнер мектебінің ұстаздары “Пластилинография” мен “Санат” шығармашылық орталығының шеберлері “Киізден жасалған зергерлік бұйымдар” дәрісін өтті. Бұл сабақтар шараға келген балалардың қабілеттерін шыңдап, қызығушылықтарын оятуға әсер етті. Орталық музейдің кіші ғылыми қызметкері Айжан Құрбанова да шеберлігінің сырын ашып, бүлдіршіндерге ерекше дүниелер көрсетті.
Ал “Барни” компаниясы балалардың аю Барнимен бірге тарих әлеміне онлайн саяхаттауына мүмкіндік жасады. Сондай-ақ “Музей экспозицияларындағы аңдар мен құстар” танымдық экосаяхаты, биологтармен және зоологтармен кездесу өтті. Балаларға арналған мерекелік концерт қойылды.