МӘДЕНИЕТ
Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек
Бүгін, 3 маусым – қазақтан шыққан тұңғыш мультипликатор, ұлттық анимация өнерінің негізін қалаушы Әмен Қайдаров дүниеге келген күн. Bugin.kz тілшісі кинорежиссер, суретші, сценаристің өмірі туралы деректер ұсынады.
Әмен Қайдаров 1923 жылы 6 маусымда Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Жіңішке ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Ол мектеп қабырғасынан майдан даласына өзі сұранып аттанған. 1941 жылдың желтоқсан айынан бастап Оңтүстік-Батыс, Дон, Сталинград, Бірінші Украин майдандарында радист, байланысшы қызметін атқарған.
Соғыстан кейін 1951 жылы Алматы суретшілер училищесін бітірген соң "Қазақстан әйелдері", "Ара" журналдарының редакцияларында жұмыс істеді. Ол танымал график, плакатшы және карикатурашы болды. Қайдаров оқып жүрген кезінде-ақ кейін даңққа бөленетін қазақтың алғашқы анимациясының сценарийін жазып қойды.
1958-65 жылы Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетінде білім алды. Ол – Қазақстандағы мультипликациондық кино өнерінің іргесін қалаушылардың бірі. 1967 жылы салған суреттері арқылы тұңғыш рет түрлі түсті "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" мультфильмін жасап шықты. Фильмге қаражат табу қиын болады. Себебі Мәскеуден бұл фильмді жасауға ешқандай тапсырма берілмеген еді. Дарынды суретшіге сенім артқан ҚазКСР мемлекеттік кино комитетінің төрағасы Камал Смайылов қаржы жағынан көмек беріп, фильм жарыққа шығады. Фильм жасалып біткенде, Мәскеу кино одағынан комиссия келіп тексереді. Олар таңданып, фильмді жоғары бағалайды. Осы мультипликациондық фильм Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда (1968), Нью-Йорк қаласындағы Халықаралық мультипликациондық фильмдер фестивалында жүлде (1975) алды.
"Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" мультфильмінен кейін Әмен Қайдаров сурет түрінде салынған "Ақсақ құлан" фильмін жасады. Фильм "Ақсақ құлан мен Жошы хан" эпикалық аңызының желісінде түсірілді. Орта Азия республикалары және Қазақстан киноматографистерінің сегізінші көрме-сайысында "Ақсақ құлан" (1969 ж.) фильмі ең таңдаулы мультипликациялық фильм ретінде дипломмен марапатталған.
Әмен Қайдаров араға 1 жыл салып, терең ізденіспен кіріскен "Қожанасыр – құрылысшы" (1970 ж.) деген фильмі де жаңа қырынан танылды. Экранда аңыз бейнесі – Қожанасырдың астарлы ирониялық күлкісі оқиғалардағы ұтымды шешіммен ерекшеленген. Ә. Қайдаровдың "Қожанасыр – құрылысшы" мультипликациялық фильмі 1972 жылы Тбилиси қаласында өткен 5-Бүкілодақтық кинофестивальда арнайы дипломмен марапатталды және I Халықаралық Загреб мультфильмдер фестивалында көрсетілді.
Сондай-ақ Қайдаров "Құйыршық" (1969), "Жанар" (1972), "Күн сәулесінен пайда болған көжек" (1975) атты мультипликациондық фильмдерді жасап қойды.
1980 жылы Қайдаровқа "Ақсақ құлан" (1968), "Қожанасыр – құрылысшы" (1970), "Қырық өтірік" (1978) сияқты мультипликациондық фильмдер топтамасы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Әмен Қайдаров шәкірт іздеп, өзі табатын. Оның шеберханасынан шыққан шәкірттер қазір керемет туындылар жасап жатыр. Мысалы, Тұрдыбек Майданның "Мұзбалақ" мультфильмі көптеген халықаралық жарыста жеңімпаз атанды.
Аңыз тұлға жұбайымен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ол өзі қойған біраз фильмдерінің сценарийін өзі жазатын. "Құрмет Белгісі", "Парасат" ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Қазақ анимациясының абызы 2015 жылы Алматы қаласында қайтыс болған.