Bugin
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан және шетел жаңалықтарын бірінші болып біздің Telegram арнамыздан оқыңыз!
Қабылдауда Ерболат Досаев Алматының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы жөнінде есеп берді.
Аталған кезеңде Алматы экономикасының негізгі салаларындағы өсім қарқыны туралы айтты. Атап айтқанда, көлік қызметінің көлемі 17,5 пайызға, құрылыс 5,7 пайызға және байланыс бағыты 4,4 пайызға өскен. Мегаполис экономикасына 360 миллиард теңге жеке инвестиция тартылған. Өсім 5,8 пайызды құраған.
"Биыл сәуір айында Алматыдағы жылдық инфляция 9,1 пайызға дейін бәсеңдеді. Жыл басынан бері 19,5 мың жұмыс орны ашылды. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Биыл ақпан айында қаланың жоғарғы бөлігін сумен қамту жөніндегі резерв схемасын жасау жұмыстары басталды. Құрылысты осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал "Балқаш" таза су резервуары пайдалануға беріліп, "Юбилейный", "Каменское плато" және басқа да аудандарға су жеткізіле басталды",- дейді қала әкімі.
Алматының көлік құрылымын қалыптастыру аясында қолға алынған жобалардың жүзеге асу барысы туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы экономикасын әртараптандыру үшін инвестиция тарту, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляция мөлшерін одан әрі төмендету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ қаланы сумен қамту мәселесін айрықша бақылауда ұстау қажет екенін айтты.