Bugin
Фото: ТЖД
Атырау облысы бойынша қазіргі уақытта Индер және Махамбет аудандарында, сондай-ақ Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі байқалады, - деп хабарлайды Bigin.kz порталы Атырау облысының жедел штабына сілтеме жасап.
Өзге де жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқи аласыз.
Атырау облысы ТЖД басшысының орынбасары Руслан Шариевтің айтуынша, облыс су тасқынының шарықтау шегінен өтті.
"Қазір біз су тасқынының шарықтау шегіне жеттік, Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеп жатыр. Су деңгейін қазіргі уақытта Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында күнделікті бақылап отырмыз. Сонымен қатар Жайықтан тасыған су жыраларға жайылып, көп аумақты су басуына байланысты шаруа қожалықтарына қауіп төнді. Шаруа қожалықтарының иелерінен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша "жедел желіге" келген барлық қоңырауларға жауап берілді",- деді Руслан Шариев.
Қазіргі уақытта су басқан аймақта қалған үй жануарларын эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Бүгінде облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарды су басқан жағдайлар бар. Су деңгейі төмендегеннен кейін, жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Cудың қауіпсіздігі туралы айтуға әлі ерте. Инфрақұрылым нысандары толықтай қалпына келтіріліп, барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана судың қауіпсіздігі туралы айтуға болады", - деді спикер.
Айта кету керек, Индер ауданында су деңгейі шектік деңгейден 50 см-ден, Махамбет ауданында 1 метрден, Атырау қаласында 27 см-ден асты.