Bugin
Фото: UWW
Париж Олимпиадасына ұлттық құраманың әртүрлі жастағы спортшылары жолдама жеңіп алды. Айдос Сұлтанғали өзінің алғаш Олимпиадасына 28 жасында барады. Ол бұл жолдамаға15 жыл бойы армандап қол жеткізген. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Айдос 2012-2017 жылдар аралығында кадеттер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, әлем біріншілігінде жүлдеге ілікті. Ересектер қатарына өткен соң Қызылорда күрес мектебінің түлегі ең жеңіл олимпиадалық салмақ – 60 келіге ауысып, ұлттық құрамаға қабылданды.
Айдос Сұлтанғалиді қазақ жанкүйері 2018 жылы тани бастады. Тура сол жылы қызылордалық балуан Венгияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен 60 келі салмақта қола медаль жеңіп алды.
Ол 2021 жылы Алматыда өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Карантиннің қиындығына қарамай өткізілген құрлық додасындағы жеңіс Токио Олимпиадасына жол ашқандай көрінген. Алайда, бапкерлер жазғы ойындарға Айдос Сұлтанғалиді емес, Мейрамбек Айнағұловты жіберуді жөн көрді. Бабында тұрғанда Олимпиадаға бара алмау спортшыға оңай болмады.
Айдос Olympic.kz сайтына берген сұхбатында:
"Грек-рим күресінен екінші сыныптан бастап шұғылданып келем. Осы уақыт аралығында тек чемпион болуды, Олимпиадада бақ сынауды мақсат еттім. Иә, түрлі қиындықтар болды. Спорт болған соң, өмір болған соң, бұл заңды да... Шыны керек, осы Олимпиаданы 15 жыл күттім. Қандай қиындық кездессе де, мойығаным жоқ. Өйткені, менің Олимпидаға қатыссам, Олимпиадада топ жарсам деген тәтті арманым бір сәтке де ойымнан шыққан емес. Бәрінің сәті биыл туып, Бішкекте өткен лицензиялық турнирде жеңіске жеттім. Тағы да қайталап айтам, мен түбі Олимпиадаға баратыныма сенгенмін", - дейді.
Балуанның спорттық мансабында тағы бір елеулі жеңіс бар. Айдос Сұлтанғали 2022 жылы, араға төрт жыл салып, әлем чемпионатынан тағы да қола медаль алды. Сербияның Будапешт қаласында өткен әлем біріншілігінде ол әйгілі Жоламан Шаршенбековке ғана есе жіберіп, үздік үштікті тұйықтады.
Айдос 2023 жылғы жазғы Азия ойындарына да қатысқан. Бірақ құрлықтың кішігірім Олимпиадасынан жүлде бұйырмады. Осы сәтсіздіктен соң жарты жылдай уақыт өткенде Сұлтанғали Бішкек кілемінен жолдама жеңіп алды.
Айдос Сұлтанғали:
"Осы жолда менімен бірге келе жатқан ата-анам, отбасым, бапкерлерім мен басқа да жандарға алғыс айтамын. Олардың қолдауы болмаса, осы межеге жетер ме едім?! Қазір Париж Олимпиадасына екі айдан аз уақыт қалды. Біздің дайындығымыз жоғары деңгейде өтуде. Енді Париж додасы басталғанша үш жаттығу жиынына қатысамыз. Бәрі ойдағыдай болса, жанкүйерлерді жеңіспен қуантқым келеді", - дейді.