Bugin

"6 айға қамалады": рұқсатсыз қажылық жасағандарға айыппұл салынады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Қағба. depositphotos.com

Сауд Арабиясы Корольдігінің қоғамдық қауіпсіздік қызметі рұқсатсыз қажылық парызын өтегендерге айыппұл сала бастады. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Сауд Арабияда 2024 жылдың 20 маусымына дейін қажылық жасауға және рұқсатты заңсыз алуға тыйым салу саясаты қамтылған. Ережеге сай Мекке қаласы, орталық аймақ, қасиетті жерлер, Харамайн теміржол станциясы, бақылау-өткізу пункттері, тексеру орталықтары және уақытша бақылау бекеттерінің аумағы қатты тексеріледі.

Діни басқарманың хабарламасында:

"Кез келген адамға – азаматтар, тұрғындар немесе келушілерге қажылық ережелерін бұзғаны үшін 10,000 саудиялық риал (2666 АҚШ доллары) айыппұл салынады. Ал азаматтығы жоқтар өз еліне депортацияланады және белгілі бір мерзімге дейін Корольдікке қайта кіруге тыйым салынады",-делінген.

Сонымен қатар қажылық тәртібін бұзғандарды рұқсатсыз тасымалдап жүрген кез келген адам 6 айға дейін бас бостандығынан айырылып, 50 000 риалға дейін (13 328 АҚШ доллары) айыппұл төлейді. Тіпті тасымалдауға пайдаланған көлігі тәркіленеді.

Қоғамдық қауіпсіздік қызметі егер заң бұзушы резидент болса, ол жазасын өтегеннен кейін депортацияланатындығын хабарлады. Заңға сәйкес белгілі бір мерзімге дейін Корольдікке қайта кіруіне тыйым салынады.

Тасымалдаған адам санына байланысты тәртіп бұзушыларға салынатын айыппұл мөлшері өседі.