Bugin

Жұмыс орнында қаза тапқан судьяның ұлы мемлекеттен 48 миллион теңге өндірді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Орал қаласында жұмыс орнында қаза тапқан судьяның ұлы мемлекеттен 48 миллион теңге өндірді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі "Мой город" сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Өткен жылдың 10 наурызында Орал қалалық сотының тергеу судьясы Нұрлан Ғұбашев қайтыс болды. 55 жастағы ер адам жұмыс орнында кенеттен ауырып қалған. Ол жедел жәрдем келгенше жан тапсырған.

Өлімге әкелген жазатайым оқиғаларды тергеу комиссиясы алғашында Ғұбашевтың ұлының өтінішін қабылдамаған.  Арызданушы комиссияның бұл шешімімен келіспей, сотқа жүгінген.

Іс материалдарынан судьяның ұлын жалғыз өсіргені белгілі болды. Арызданушы әкесінің өлімін қызметтік міндеттерін орындау кезінде болды деп тануды талап еткен. Ол марқұмның алпыс айлық лауазымдық жалақысы, яғни 48 миллион теңге көлемінде біржолғы өтемақы өндіруді сұрады. Айтпақшы,   судьяның қайтыс болар алдындағы жалақысы 800 789 теңге болған.

Тергеу сотының қызметкерлерінен жауап алынғанда 2023 жылғы 10 наурызда сот отырысында материалды қарау кезінде судья Ғұбашев сот актісін шығаруға кетіп, үстел басына жайғасқан. Нормативтiк құқықтық актiлер оқып, кенет үстелге сүйенiп, еденге құлап кеткен. Дереу жедел жәрдем шақырылған. Жедел жәрдем қызметкері келгенде оның қайтыс болып кеткенін айтқан. Судья өте ауыр қылмыстық істі қарау кезінде жаны үзілген.

№2 сот іс материалдарын зерделей келе, талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Нұрлан Ғұбашевтың өлімі Орал қаласының тергеу сотының судьясы лауазымындағы қызметтік міндеттерін атқару кезінде орын алды деп тану туралы шешім қабылдады. Марқұмның ұлы 48 миллион теңге көлемінде өтемақы алатын болды.