Bugin

Қазақстан еті енді Түркияда сатылады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Енді Қазақстанның ет өнімдері Түркияға экспортталады. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

2024 жылғы 7 маусымнан бастап қазақстандық өнімді Түркия нарығына жеткізуге кедергі болған бірқатар шектеулер алынып тасталды. 2005 жылдан бері құс тұмауы бойынша, 2016 және 2022 жылдардан бері аусыл және нодулярлық дерматит бойынша шектеулер қолданылып келген еді.

2024 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер министрлерінің Таразда өткен кездесуінде кедергілер мәселесін көтерген еді.

Ол ет экспорты мәселесі туралы бауырлас елге қарата:

"Қазақстан Түркия, Түрікменстан және Мажарстан нарығына жоғары сапалы ет өнімдерін жеткізуге дайын. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Түркия нарығы ветеринарлық қызметтер желісі бойынша қазақстандық жеткізушілер үшін іс жүзінде жабық. Биылғы жылдан бастап ҚХР мен РФ тарапынан Қазақстанға қатысты осындай шектеулер алынып тасталғанын атап өткім келеді. Осыған байланысты түрік тарапымен де осы мәселені қарауына болады деп есептейміз", - деген еді.

Кедергілерді алып тастау мәселелері Түркия Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гизлигидер Эбубекирмен екіжақты кездесу барысында кеңінен талқыланған.

Ведомство хабарламасында: 

"Түпкілікті шешім ағымдағы жылдың мамыр айында Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының 91-ші сессиясы аясында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Бердалиннің Түркияның ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Гюменмен өткізген екіжақты келіссөздер нәтижесінде қабылданды",-делінген.

Қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін ілгерілетудің келесі қадамы ветеринариялық талаптарды үйлестіру болмақ. Бұл мәселелер де ағымдағы жылдың тамыз айында Айдарбек Сапаровтың Түркия Республикасына сапары барысында талқыланатын тақырыптар тізіміне енетін болады.