Bugin

"Араласуға құқығымыз жоқ". СІМ шетелде жоғалған қазақ қызының жағдайына қатысты пікір білдірді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: facebook/Гүлмира Әбіқай

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның баспасөз мәслихатында Германияда жоғалған Қазақстан азаматы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

"2024 жылғы 5 маусымда Майндағы Франкфурт қаласындағы (Германия) Қазақстанның бас консулдығына Қазақстан азаматтарынан 2024 жылғы 3 маусымында қазақ қызы жоғалып кетуіне байланысты арыз түсті. Бас консулдық осы істі өтініш келіп түскен сәттен бастап ерекше бақылауға алды. Ақпарат түскен сәттен бастап біздің дипломаттар жергілікті полицияға хабарласып, полиция өз кезегінде жедел іздестіру іс-шараларын бастап кетті. Елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қылмыстық істің мән-жайы жария етілмейді және оған біздің тікелей араласуға құқығымыз жоқ", - деді ресми өкіл.

Смадияровтың сөзінше, дипломаттар жоғалған әйелдің туыстарымен байланысқан.

"Қазіргі таңда Германияның сыртқы істер министрлігіне бұл істі ерекше бақылауға алу және барлық қолғабыс көрсету туралы арнайы хат жолданды. Жақын арада неміс тарапымен бірлесіп, туыстарына виза алуға жұмыс жүргізіп жатырмыз", - деді Айбек Смадияров.

Жоғалған әйел туралы алғашқылардың бірі болып дабыл қаққан журналист Гүлмира Әбіқай істе не белгілі екенін хабарлады. 

"Қазір бұл мәселеге СІМ араласты, Бейншейм полициясына арыз берілді. Алайда, күйеуі әйелін көрмедім, білмедімнен әрі аспай отыр. Ал енесі Натальяны неміс полициясының өзі таппай жатыр. Белгілісі, Айгүл мен Александрдың арасында 3 жасар Жаклин есімді қызы бар, ол Германия азаматы. Ал күйеу баланың кім екені, мамандығы мен жұмысы, табысы, жалпы немен өмір сүретінінен қайын жұрт еш хабарсыз екен", – дейді Гүлмира Әбіқай.