Bugin

"Көлігіне мініп, кетіп қалған": Аралда мас хәлде бала қаққан әкімдік қызметкері жазаланбаған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 

Фото: жәбірленуші ұсынған сурет. Massaget.kz

Арал қаласында мас күйінде көлік жүргізген әкімдік қызметкері бүлдіршінді қағып кеткен. Күдікті оқиға орнынан қашып кетсе де, құқықтық жауапкершілікке әлі күнге дейін тартылмаған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Баланың ата-анасының айтуынша, оқиға 2 маусымда сағат 22:45 шамасында болған. Көше жақтан естілген қатты дауыстан үрейленген аудан тұрғыны Болатбек Каденов ойнап жүрген қызы құлап жатқанын көрген. Ол аса қатты жылдамдықпен кетіп бара жатқан көлікті көзі шалып қалған. Куәгер  көліктің тек сериялық нөмірін есінде сақтапты.

Зардап шеккен қыздың әкесі Болатбек Каденов:

"Мен далаға шыққанда әлгі көлік енді жылдамдық жинай бастаған. Артынан қуып жететіндей астымда көлік те  болмады. Дегенмен көлік нөмері есімде қалды. Полицияға бар көргенімді айтып, қызымды ауруханаға жеткіздім. Біраз уақыт өткен соң көлік табылды деген хабар да жетті", - дейді.

Күдікті баланы басып кетсе де, дым болмағандай дүкенге барып ішімдік сатып алған. Десе де түскен арызға қатысты күдікті ұсталса да, полиция қызметкерлері бұл деректі тіркеуге асықпаған. Аяғына әзер тұрған күдіктіні қолхатпен босатып жіберген. Құқық қорғау мамандарының бұл ісі заңға қайшы екенін жәбірленуші қанша айтса да, құлаққа ілген жан табылмаған.

Жәбірленушінің әкесі:

"Жүргізуші табылды деген соң жетіп бардым. Ұсталған адамның ішімдікке сылқия тойғаны көрініп-ақ тұр. Мен оған өзі қағып кеткен баланың әкесі екенімді айтып, одан неге қашып кеткенін сұрадым. Ол "қашамын деп ойламадым, енді жағдай солай болып қалды, кешіріңіз" деп, өз кінәсін мойындай бастады. Бірақ полиция қызметкерлері одан наркологиялық сынама да алмаған, көлігін айып тұрағына қоймайтынын да жеткізді. Себебін "оқиға болған уақыттан 3 сағат асып кетті" дегенге саяды. Бұлары дұрыс емес екенін қанша айтсам да, сөзімді құлағына ілген ешкім болмады. Кейін анықтала келе бұл жүргізушінің әкімдікте істейтінін білдім", - деп айтты.

Кейін іс орнынан жылжымаған соң жәбірленуші аудандық прокуратураға да жүгінген. Олар Полиция басқармасына хабарласып, істің мән-жайын анықтағанымен, соңында облыстық прокуратураға жүгінуіне кеңес берген.

Болатбек Каденов жақын маңдағы камералардан жиған деректерін де көрсетті. Видеодан күдікті жол оқиғасынан кейін ештеңе болмағандай, дүкенге кіріп, екі бөтелке ішімдік алып, көлігіне мініп, кетіп қалғаны көрінеді. 

Мәселені жылы жаппақ ниетте күдікті де, оның анасы да кешірім сұрап, жәбірленушінің алдына барған. Дегенмен "оның ертең тағы бір отбасының соры болмасына кім кепіл" деген Болатбек Каденов істі соңына дейін жеткізуге бекініп отыр. 

Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша баланың аяқ бұлшық еттері мен сіңірлері жыртылған. Бүгінде оның жағдайы қалыпты. Қазір үйіне жіберілген. 

Аудан әкімдігінің кадр бөлімі күдіктінің әкімдікте жұмыс істейтінін растады. Дегенмен олардың болған істен хабары жоқ екен. Маман алдағы уақытта мәселеге қатысты істің мән-жайы анықталған соң әкімдік тарапынан тиісті шара қолданылатынын жеткізді.

Ал аудандық полиция бөлімінің подполковнигі Ерманов Қанат бұл істің қазір патрулдік полиция қызметінің өндірісінде екенін, алдағы уақытта сараптама нәтижесі белгілі болатынын айтты.