Bugin
Фото: Видеодан алынған скриншот
Алматы облысы Ащысу ауданының тұрғыны әйелі мен 5 баласын іздейді, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Көреміз" бағдарламасына Қуаныш Қалмұратов есімді азамат көмек сұрап келген. Жайлауға мал қайыруға кеткенде әйелі балаларын алып кетіп қалған. Әйелін іздеген ер адам 3 баласын қайын әпкесінің үйінен тапқан.
"Менің әйелім балаларымды алып қашып кетті. Қайда кеткенін білмеймін. Телефонымды алмайды. Мендегі номерлердің бәрін өшіріп кеткен. Сосын Қордайға әпкесінің үйіне барып, мына 3 баламды алып келдім",- дейді Қуаныш Қалмұратов.
Қуаныш Қалмұратов әйелінің кету себебінің бірін айтты. Келіншек көршілердің атынан несие алып, қарызға батқан екен.
"Кешке келді қарыз берген адам. Несие алып берген адам. Төлеу керектігін айтты. Мен оны білмедім. Менен жасырған",- деді ер адам.
Қуаныш Қалмұратов келіншегі қайтып келсе қарызды да өзі төлейтінін айтты.
"Көреміз" тілшісінің айтуы бойынша, келіншек 3 баласын әпкесіне, 2 баласын Қарақалпақстанға өткізіп жіберген екен. Ал өзі Отар қаласындағы әскери бөлімге ыдыс жуушы болып жұмысқа орналасқан. Феруза Дүйсеева да өз шындығын айтты.
"Ол маған "сені бұл өмірде жер басып жүргізбеймін" дейді. Мен келін болып түскелі бетімді ашпады, той жасамады. Ешқайсысы адам деп санамайды. Мен өлейін. Балалар керек болса алсын. "Өз мәселеңді өзің шеш" деді. Мен жұмыс істемегенде не істеймін. 5 баламды алып шығып кеттім",- дейді келіншек.
Ерлі-зайыпты студияда сөзге келді. Феруза Дүйсееваның үйден кету себебі жоқшылық екендігі белгілі болды.