Bugin
Фото: the-village-kz
Жамбыл облысында "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының сарбазы Қордай орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Азаттық радосына" сілтеп.
Қайғылы оқиға 9 маусым күні болған. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір сарбаздың жағдайы ауыр.
"Науқас 9 маусым күні Гвардейск әскери госпиталінен жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Қордай орталық аудандық ауруханасына “полисегментальды пневмония” диагнозымен жатқызылды. Науқас клиникалық өлімді бастан кешкен. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы өте ауыр, көптеген мүшеде жеткіліксіздік байқалады. Атап айтқанда, тыныс алу, жүрек, бауыр, церебральды және инфекциялық токсикалық шок белгілері бар. Гемофильтрация және дәрі-дәрмекпен емделеді", — делінген хабарламада.
Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 19 жастағы қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпатта жансақтау бөлімінде жатыр. Ал анасы әскерде ұлына "әлімжеттік жасаған" деп есептейді. Оған әскери полиция қызметкері түскі сағат 12.00 шамасында хабарласып, "Нұржігіттің ЖРВИ диагнозымен әскердегі медпунктке түскенін" хабарлаған.
"Азаттық радиосының" мәліметінше, анасына ешкім дұрыс жауап бермей отыр.
"Халі өте нашар деді. Дәрігерлер комада жатыр дейді. Өкпесі, бауыры, бүйрегі…. Бала өзі демала алмайды, аппарат қосылып тұр. Баланың жағдайы қалай болатынын білмеймін. Дәрігерлер "тек Құдайға сыйынып отырыңыздар, қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз" деді. Оқиға туралы бірден айтпады, іс-әрекеттер қабылдамаған. Ешкім жауапкершілік алғысы келмейді, жауап бергісі келмейді", – дейді сарбаздың анасы.