Bugin
Фото: ҚТЖ сайтынан алынды
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілісте көлік инфрақұрылымына жасалған аудит қорытындысын жариялады. Ол теміржол саласының неліктен тұралап қалғаны туралы айтты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Смайыловтың айтуынша, кейінгі төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған. Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шыққан. Соның салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған.
Ол ҚТЖ жағдайының нашарлауы туралы:
"2020-2023 жылдары магистральдық, стационарлық және кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін 4 мыңнан астам бұзу фактілері тіркелді. Тек 2023 жылдың өзінде жолаушылар пойыздарының кешігуі 412 сағатты құрады немесе 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе өскен. Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде әрең күн көруде. Барлық табысы жоғары қызметтер меншік компаниялардың қолына берілген. ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген", -деп айтты.
Смайыловтың айтуынша, мәселен, 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізу жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтиже бермей, ҚТЖ табыстарының айтарлықтай азаюына әкеп соғып отыр. Жеке жүк тасымалдаушылар мұнай және мұнай өнімдері сияқты пайдасы көп тасымалдарды, сондай-ақ электрлендірілген учаскелерде пойыздың құрамын толық толтыратын маршруттарды иеленген.
Палата төрағасы сонымен қатар, жеке жүк тасымалдаушылардың тарифтері жоғары екенін айтты. Жекелеген жағдайларда 32%-ға, соның ішінде іс жүзінде жоқ шығындарды қосу есебінен асырылған. Бұл түпкілікті тұтынушы үшін тауар тасымалдау құнына айтарлықтай әсер етеді. Осы жерде тарифтерді реттеу жөніндегі уәкілетті органның позициясы әлсіз екені байқалады. Тарифтеу тәсілдері әділ болуы тиіс. Сонымен бірге жеке теміржол тасымалдаушыларының одан әрі жұмыс істеу орындылығын қайта қарастыру қажет.
Ол ҚТЖ не себепті банкроттыққа жақын екені туралы:
"2020-2023 жылдары ҚТЖ жүк айналымының 73%-ы өзіндік құнынан төмен тарифтермен тасымалданған. Реттелетін тарифтер бойынша шығындар 907 млрд теңгені құрады, оның жартысынан астамы – экспорт бойынша. Бұл ретте, экспортқа арналған реттелетін тарифтердің деңгейі республика ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдау тарифтерінен төмен. ҚТЖ-ның барлық шығындары негізінен транзиттік табыстары есебінен жабылады. Бұл – экономикалық жағынан қисынсыз. Бірде-бір кәсіпкер өз қызметін қайырымдылық принципі бойынша жүзеге асыруға мүдделі емес. Бұл – банкроттыққа апаратын төте жол", – деп айтты.