БІЛІМ

Қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz

“Қандай мамандықты таңдасам болады?”. Осы сауал барлық мектеп түлегін ойландыратыны анық. Бірі есеппен таңдаса, енді бірі көңілі қалаған мамандыққа оқуға түседі. Уақыт өткен сайын жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Осы орайда Bugin.kz порталы қазіргі уақытта сұранысқа ие мамандықтарға шолу жасады.

Әлем бойынша сұраныстарға ие мамандықтардың көшін бастап тұрғандар: IT маманы, инженер, психолог, онлайн білім беру маманы, дәрігер, маркетолог, мұғалім, логистика. eGov.kz сайтының мәліметі бойынша, аталған мамандықтар Қазақстанда да сұранысқа ие.  


IT маман

Технологиялар пайда болғалы IT мамандарының дәуірі басталды. Кейбір салалардың онлайнға ауысуына байланысты және пандемия кезінде бұл мамандыққа сұраныс екі есе артқан. Сол кезден бастап IT индустриясы қарқынды түрде дамып келеді. IT мамандары да жақсы жалақы алатындардың қатарында.  

Еліміздегі жұмыс пен қызметкер іздеуге арналған hh.kz сайтына жүргізілген сараптама бойынша, 2023 жылы IT мамандарының орташа жалақысы 390 мың теңгені құраған. Ал АҚШ-тағы IT мамандарының биылғы бірінші тоқсандағы орташа жалақысы 96 630 долларды құрап отыр. Бұл басқа мамандықтарға қарағанда екі есе көп еңбекақы саналады. Бұл туралы АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының ресми деректері мәлімдеді.

Инженер-технолог

Техникалық құралдарды салумен, жасаумен және ойлап табумен айналысатын инженерлерге де сұраныс жоғары. Техникалық құрылғылардың дамуы инженерлердің рөлін жоғарылатты.  kz.trud.com   сайтының мәліметінше, Қазақстанда инженерлерге орташа жалақы 200-300 мың теңге арасында төленеді. Ал Германияда инженер-технологтар айына 2 673 746 теңге алады. Өйткені 2022 жылы Германияда инженерлердің тапшылығы қатты білінген. Жалпы әлемде инженер-технологтар 90-жылдардан бастап азая бастаған. Бұл мамандықты оқытатын оқу орындары да жабылған еді.

Логистика

Логистің міндеті – берілген тауарды өндіріс орнынан соңғы нүктеге жеткізу бағытын ұйымдастыру, тәуекелдер мен шығындарды азайту. Kz.trud.com  сайты Қазақстанда логистердің орташа айлық жалақысы 213 715 теңгені құрағанын жазды. Ал көрші Ресейде логистердің орташа еңбекақысы 300 мың теңге көлемінде екен. Логист мамандары логистикалық компаниялардан бөлек сауда желілерінде және өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істей алады.

Қаржыгер

Қаржы және экономика саласында маңызды рөл атқаратын қаржыгерлер де сұраныста. Бірақ қаржыгерлер болашақта жойылып кетуі мүмкін мамандықтардың тізімінде де бар. Өйткені келешекте оның қызметін арнайы бағдарламалар немесе жасанды интеллект атқаруы мүмкін. Ал кейбірі ойлап табылған бағдарлама кәсіпте маңызды стратегиялық шешім қабылдай алмайды, сол үшін бұл мамандық жойылмайды деген пікірде. kz.trud.com сайтының мәліметінше, Қазақстанда 2024 жылдары қаржыгерлерге төленетін орташа жалақы 220 872 теңгеден басталған.

P.S: Бұл мамандықтар қазіргі қоғамның талаптарын қанағаттандыру арқылы сұранысқа ие болған. Олардың қай салада болса рөлдері бар. Ең бастысы, өмірдегі маңызды қадамды дұрыс жасайық. Жүрек қалауымен таңдалған мамандық материалдық және моральдық жағынан да тиімді.



Материалды дайындаған: Нұрмұхамбет Диана Дарынқызы