Bugin

Көпқабатты үйдегі алапат өрттен 49 адам тірідей өртеніп қаза тапты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: BBC

Кувейттің Мангаф қаласындағы тұрғын үйдегі өрттен 49 адам қайтыс болған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Өрт сәрсенбі күні жұмысшылар орналасқан ғимаратта шыққан. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода ғимараттың төменгі бөлігін жалын шарпығанын және жоғарғы қабаттардан қою қара түтіннің көтерілгенін көруге болады.

Билік құрбандардың көбі Үндістанның оңтүстігіндегі Керала мен Тамилнад штаттарының адамы екенін айтты. Сондай-ақ 50-ге жуық үндістандық жараланған. Құрбандар арасында филиппиндік және непалдық жұмысшылар да бар.
Кувейт халқының үштен екісін шетелдік жұмысшылар құрайды.  Ел әсіресе құрылыс пен ішкі секторларда мигранттардың жұмыс күшіне тәуелді.
Құқық қорғау ұйымдары олардың өмір сүру жағдайлары туралы үнемі алаңдаушылық білдіреді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ғимаратта 196 жұмысшы болған.  Жоғары лауазымды полиция қызметкері мемлекеттік телеарнаға өрт кезінде ғимаратта "көп адам" болғанын айтты. Ол:

"Ондаған адам құтқарылды, бірақ, өкініштісі, өрттен түтінге тұншығу салдарынан қаза тапқандар көп",-деп айтқан.


Кувейт премьер-министрінің орынбасары шейх Фахад Юсуф әл-Сабах жылжымайтын мүлік иелерін ашкөздікте айыптап, құрылыс нормаларын бұзу қайғылы жағдайға әкелгенін айтты.

Шейх әл-Сабах, сонымен қатар ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Рейтер агенттігіне:

"Өкініштісі, қайғылы жағдайға меншік иелерінің ашкөздігі себеп болды. Қайғылы оқиға солардың ереже бұзуының нәтижесінен болды", - деді .

Үндістан Сыртқы істер министрлігі осы оқиғада кемі 40 Үндістан азаматы мерт болды деп болжады. Қазір мәйіттердің жеке басы ДНҚ сынамасы арқылы анықталып жатыр.