Bugin
Фото: бағдарламадан скриншот
Эстрадамыздағы хит әндердің сөзін жазған ақын, "күміс қалам" иегері Ершат Қайболдин Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат берді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақынның биыл үй аламын деп баққан 11 жылқысы қыста қырылып қалған. Қанша танымал әндердің сөзін жазса да ақын ауылында қара жұмыс істеп күн көреді. Ол анасының туған күніне сыйлық сатып алуға ақшасы болмай, өлең жазып құттықтағанын айтты. Журналист оның неге ақшасы жоқ болғанына таңырқап, ән сөзін қаншаға сататыны туралы сұрады.
Ершат бұл сұраққа:
"Мен ешқашан өлеңімді саудалап көрген жоқпын. "Ақындық – ардың ісі",- деген ғой Мұқағали. Маған осындай ақша бер деп айтпаппын. "Сен қорқақсың" деген әннің сөзін жазғанда, мен Нұрболат Абдулиннен 20 мың теңге алғам. Тойларға шыққаннан кейін, ән хит болғанда ақша берді. Жыладым (ақын көзіне жас алып қалды,-авт). Ішімде бәрі толып қалды",-деді.
Ершат Қайболдин "Сен қорқақсың", "Еркекпін мен", "Достарға", "Махаббатым", "Биле, жеңге", "Көріктім", "Ұлыма ақыл" секілді әндердің сөзін жазған.
Нұрсейіт Жылқышыбай Ершаттың ұлына тай атап, қолдау білдірді.