Bugin
Фото: Үкімет отырысынан
Тележүргізуші Дана Нұржігіт желідегі парақшасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Дана Нұржігіт зорлыққа ұшырауының салдарынан жұмыс істеуге шамасы болмағанын да айтты.
"Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы менің жеке басымды да айналып өтпеді. Жәбірленушінің орнында болып, сот залында тұрамын дегенді кім білген? Қиындық кімде жоқ? Мен де мойымай, «бастысы денсаулығым мен кәсібімнен айырмасын» деуші едім. Алайда моральдық-психологиялық қысым алдымен денсаулығыма кесірін тигізді, содан соң ТВ эфирде жұмыс істей алмайтын жағдайға жеткізді. Басшыға өзім барып, жұмыстан кетемін деп шештім сол кезде. Өйткені түске дейін тергеушінің алдында, түстен кейін камераға, тікелей эфирде жұмыс істеуге жарамай қалдым", - деп жазды ол.
Танымал тележүргізуші, "Дара жолды" тізгіндеген Дана Нұржігіттің екінші некесі сәтсіз аяқталған.
"Екінші некем баянсыз болып, тоғыспайтын жерден М.Ә. есімді азаматпен мәмілеге келіп, адамша екі жаққа кетудің орнына, іс насырға шауып, жабық есік жағдайындағы сот процесіне дейін жетті. Екі жарым жыл бұрын заңды түрде ажырасқан едік. Содан соң 10 айға жуық менің талабым бойынша оның үстінен қозғалған қылмыстық істің тергеу процесінен өттім. Соңғы нүктесі 28 мамырда қойылды. Үкім 13 маусым күні күшіне енді. Істің мән-жайын ашпауға процеске қатысқандар қолхат бердік. Сондықтан артық сұрақ қоймаңыздар", - деді ол.
Тележүргізуші заңға да жүгінуге мәжбүр болғанын жасырмады.
"Иә, мен заңды түрде қорғануға мәжбүр болдым. Басында бәріміз пендеміз ғой, бір шешімге келерміз деп жеңіл көрінген істің арты осыншама уақытымды, денсаулығымды алады деп ойламадым. Жұмыстың, үйдің, баламның берекесі қашты. Қаржылық шығын, жүйкенің тозғанын айтпағанда... Бұл оқиға мен үшін үлкен сынақ та, сабақ та болды. Осы жасқа келіп, опасыздықпен дәл осылай бетпе-бет келіп көрмеппін. Қазылған орға құлап жатқанымда қол ұшын созған достарымның қадіріне жетпей келген екенмін деп оған өкіндім. Бәрі сол күндері қасымнан табылды. Аяулы анамның дұғасы, әкемнің көзі болған қарындасы Зәбида тәтемнің, іні-сіңлімнің қолдауы сүрінгенде сүйеу болды маған. Тіпті марқұм Владимир – Әлімнің әкесі, былтыр жазда хат жазып, «Сақ бол» деп маған қорған болуға тырысты, жарықтық...", - деп жазды Дана Нұржігіт.