Bugin
Фото: rbc.ua
Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисі Айдос Садықовқа жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді,-деп хабарлайды Bugin.kz тілшісі.
Президент:
"Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді", – деді.
Айдос Садықов Ресеймен шекаралас Қазақстанның Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауылында дүниеге келген. Ақтөбе педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген.
Әйелімен бірге ол өзінің YouTube-тегі "BASE" арнасын жүргізеді. Ол арнасында Қазақстан билігі мен олигархтарды сынға алады. Садықов сонымен қатар 2022 жылдың қаңтарында Қазақстандағы наразылық акцияларын қолдауымен танымал.