Bugin
Фото: Muhannad Fala´ah / Getty Images
Меккедегі температура 51 градустан асты. Қажылыққа заңды тіркелмеген тұлғалар арнайы орындарда су, көлеңке және көліктегі желдеткішке қол жеткізе алмайды. Осы себепті көптеген адамдар қайтыс болып жатыр. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Франс Пресс агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сауд Арабиясына қажылық кезінде қаза тапқан қажылардың жалпы саны 577-ге жетті, деп жазады Франс Пресс ақпарат көздеріне сілтеме жасап.
Марқұмадардың кем дегенде 323-і египеттіктер деген болжам бар. Олардың барлығы аптап ыстықтан қайтыс болған. Тек бір адам төбелес кезінде мерт болған. Агенттікке бұл туралы екі араб дипоматы аты-жөнін құпия сақтап айтып берген.
Қажылық – исламның бес парызының бірі. Мұны істей алатын барлық мұсылмандар өмірінде кемінде бір рет қажылық жасауы керек. Биыл 1 миллион 830 мыңға жуық адам қажылық парызын өтесе, оның 1,6 миллионы шетелдіктер.
Жыл сайын ондаған мың қажы қымбат қажылық визасын ала алмағандықтан, Меккеге заңсыз кіруге әрекеттенеді. Бұл оларға қауіп төндіреді. Заңды тіркелмеген қажыларға Сауд Арабиясының билігі қажылық бағыты бойынша ұсынатын салқындатқыш қондырғыларды қолдануға рұқсат берілмейді. Биыл мерт болғандардың санының көп болуы меккеге қажылыққа заңсыз келген адамдардың саны артқанымен байланысты.
Корольдік билігі мамыр айында жариялаған зерттеу нәтижелері бойынша Сауд Арабиясында діни рәсімдер өткізілетін аймақтарда ауа температурасы он жыл сайын 0,4 градусқа көтерілетінін анықтаған. Сауд Арабиясының Ұлттық метеорологиялық орталығы 17 маусымда ғана Меккедегі Харам мешітінде ауа температурасы 51,8 градусқа жетті деп хабарлады.
Ресми түрде Сауд Арабиясы билігі тек зардап шеккендер туралы хабарлайды. Олардың айтуынша, 16 маусымға дейін аптап ыстықтан 2 мыңнан астам қажы ауруханаға жатқызылған, бірақ содан бері олар статистиканы жаңартпаған.
2023 жылы қажылық кезінде кем дегенде 240 адам қайтыс болды, деп хабарлайды AFP.