МӘДЕНИЕТ

Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

Бүгін, 19 маусым – әйгілі халық ақыны, әнші Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл. Bugin.kz порталы композитордың өмірінен деректер ұсынады.

Кенен Әзірбаев 1884 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында туған.

Жеті жасында анасынан айырылып, қарт әкесін қолтықтап, жалғыз есейген.

"Ри, қойым" деп аталатын алғашқы әнін тоғыз жасында шығарған.

"Қойшы Кенен", "Әнші Кенен" атанған лақап аттары 1916 жылғы көтеріліске қатысқан соң, "Сарбаз Кенен", "Дауылпаз Кененге" ауысқан.

Ақындық жағынан ең алғашқы ұстазы – Сарыбас. Бала кезінде естіген Сарыбастың өлең-жырларын, айтыстарын, қақпа сөздерін халық арасында жиі айтып жүрген. Бұқар жыраудан бастап, Жамбыл, Бармақ, Қуандық сынды сөз дүлдүлдерінен өнеге алған.

Жігіттік шағында Ханзада Үлпілдек есімді қызбен атастырылады. Алайда 1916 жылғы дүрбелеңнен соң, Үлпілдек сал ауруына шалдығады. Үлпілдектен Талжібек, Қалзия, Ұлтай есімді қыздар сүйді.

1921 жылы бәйбішесі Үлпілдектің келісімімен он жеті жастағы Насихаға үйленіп, 55 жыл тату-тәтті өмір сүрген.

1936 жылы Кремльде "Жаңа заң" әнін шырқаған. 

Кененді бүкіл қазақ-қырғызға әнші ретінде танытқан – "Пайыз" әні. 1939 жылы осы ән "Тік шырқау" деген атпен грампластинкаға жазылған. Ал ақынның атақ-даңқын бүкіл қазақ даласына паш еткен – "Базар-Назар", "Көкшолақ", "Ойжайлау" әндері.

1940 жылы Мәскеуге барып, КСРО-ның халық әртісі Р.М.Глиердің бастамасымен ашылған әнші-композиторлар курсына қатысқан.

Кенен Әзірбаев 1916 жылғы халық көтерілісі, 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі азамат соғысы, 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысының куәгері болған. Осындай патриоттық сезімге толы, азаматтық рухта шығарған туындыларының бірі – "Батыр Москва әні. Бұл ән 1947 жылы Мәскеу қаласының 800 жылдық мерекесіне арнап шығарылған.

1945 жылы "Құрмет белгісі" ордені, 1961 жылы "Қазақ ССР Халық ақыны" құрметті атағы берілді.

"Социалистік Қазақстан" газетінің 1948 жылғы 23 маусымдағы нөмірінде Борис Ерзакович: "Кененнің әндері 50-ден асады", - деп тұжырымдайды. Ерзакович Кененнің әндерін нотаға түсіруді алғаш болып қолға алған.

1968 жылы ұлы бабасы Кебекбайға арнап, Қордайдың қызыл гранитінен ескерткіш тас орнатқан.

Әйгілі ақын 1976 жылы 92 жасында өмірден өтті. 

Ақынның туған жері Мәтібұлақ қазір ЮНЕСКО-ның қарауына алынған.

Кенен ақынның 100 жылдық мерейтойының ашылуы М.Әуезов атындағы драма театрында өткізілді. 125 жылдық мерейтойы 2009 жылы  республика көлемінде тойланып, ақынның бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Осы жолы композитордың 107 әні, 7 күйі, айтыстағы ән туындылары тұңғыш рет домбыраға лайықталып, нотаға түсірілді. 

 

                               Деректер "Кенен Әзірбаев" фотоальбомынан, "Ұлы дала жаршысы" кітабынан алынды

                              Материал авторы: Бану Әбдіғалиева