Bugin
Фото: instagram/muratsaveliev
Мұхит асып, Қазақстанға ата-анасын іздеп келген Жәнібектің руы анықталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Inbusiness.kz"-ке сілтеме жасап.
TreeGene зертханасы Жәнібектің руын анықтады. Генетик маман Ұлдана Көккөзова Бельгиядан Қазақстанға ата-анасын іздеп келген Жәнібекке қатысты ата-тегін анықтау сынамасын өткізді.
"Бұл сынаманың аты "Ата-тегін анықтау" деп аталады. Қазіргі кезде сұранысқа ие болып жүрген сынамалардың бірі. Себебі біз генетикалық профиль арқылы адамның гаплотобын анықтаймыз. Гаплотобының популяциясы арқылы руын анықтап береміз. Әсіресе руын білгісі келетін, анықтағысы келетіндер, әсіресе қандай топқа жататынын, ата-тегінің ерекшелігін білгісі келсе осы тестке жүгінеді. Бұл сынама 14 күнде жасалады. Тіпті кітап қылып шығарып береміз. Мәселен, Бельгиядан келіп, ата-анасын іздеген Жәнібектің руын анықтау үшін біз оның гаплотобы қанша елде кездеседі деп тексердік. Y хромосома тек қана ерлерде ғана кездеседі. Әйелдердікі Х хромосома екені белгілі. Яғни, әкенің Y хромосомасы ұлдарына өзгеріссіз беріледі. Атасы, баласы, туған бауырлары және немере ұлдарына берілетін арнайы әріптер мен сандар бар. Біз Жәнібектің тобының саны R1b-M478 екенін 27 str маркері арқылы анықтадық. Гаплотип арқылы гаплотоп анықталады. Сол арқылы оның популяциясына байланысты руы белгілі болады. Жәнібектің гаплотобында екі рудың белгісі шықты. Біреуі - найман, екіншісі - қыпшақ. Зерттей келе найманға 2 мутациядан айырмашылық көрінді. Ал қыпшақ дейін десек 7 мутациядан айырмашылық байқалды. Y хромосомасы наймандарға сәйкес келген соң біз оны орта жүз, найман руы, бағаналы тегінен деп кітапқа жазып бердік. Арғындардікі G тобы болып аталады, басқа руларда S деген топ бар", - дейді ол.