Экономика
Миллион Саматқа бұйырды
Хабар арнасындағы "Миллион кімге бұйырады?" атты бағдарлама жарық көргеніне көп болмаса да, рейтингі бойынша жоғары сатыда тұратын отандық жобалар арасынан орын алды. Жобаның басты ерекшелігі – кез келген көзі ашық, көкірегі ояу азаматқа аяқ астынан "миллионер" атану бақытын сыйлайды. Білім деңгейі сынға түсетін бағдарламаның басты құндылығы - оның шынайылығында. Қандай сомаға лайық ойын көрсетсеңіз, сол қаражатты қанжығыңызға байлайсыз.
Бүгін талайды таң қалдырып, тамсандырған бағдарламада ерекше жаңалық орын алды. Алматылық Самат есімді ойыншы 15 сұрақтың 14-іне дұрыс жауап беріп, 5 000 000 (бес миллион) теңге көлеміндегі ұтысқа ие болды! Отандасымызды шын жүректен құттықтай отырып, "білімдінің жүзі жарық" дегенге тағы бір мәрте көз жеткіздік. Білімнің салтанат құрған ғасырында өркениеттен кенде қалмау үшін білімімізді толықтыра түскеніміз абзал екенін тағы бір дәлелдеді бұл жаңалық. Ендеше, жоғарыдағы мысалды үлгі ете отырып, жарқын болашаққа жеткізер жолға дайындықты бүгіннен бастайық!