Bugin
Фото: Махачкаладағы атыс бейнежазбасынан скриншот. kun.uz
Жексенбі күні Дағыстанның Дербент пен Махачкала қалаларында православиелік ғибадатханалар, синагогалар мен жол патрульдік бекетіне жасалған шабуылда кем дегенде 17 адам, оның ішінде 15 полицей қаза тапты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі kun.uz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Республикада антитеррорлық операциялар режимі енгізіліп, екі қалада да ұрыс түн ортасына дейін жалғасты. Сағат 23:00-ден кейін Ұлттық лаңкестікке қарсы комитет Дербенттегі арнайы операцияның белсенді кезеңі аяқталғанын хабарлады.
Түнде комитет мүшелері операция барысында бес лаңкестің өлтірілгенін мәлімдеді. Хабарламада:
"Дербенттегі әскери операцияның соңында екі террорист, Махачкалада үш террорист жойылды", - делінген.
Бұған дейін Махачкалада төрт, Дербентте екі содыр өлтірілген еді. Дағыстан басшысы Сергей Меликов те алты шабуылшының қаза тапқанын айтты.
Бұл ретте шабуыл жасағандардың саны туралы нақты ақпарат жоқ. Терроризмге қарсы ұлттық комитет содырлардың сыбайластары іздестіріліп жатқанын хабарлады.