Bugin

Арал теңізіне қайта жан біте ме?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

2024 жылдың басынан Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Су ресурстары және ирригация Министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазір Солтүстік Аралдағы су көлемі 21,4 млрд текше метрге жетті. Құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-шы отырысында тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға ағын секундына кемінде 30 текше метр болады және 997 млн текше метр су жіберіледі деп келісті. Қазір теңізге секундына 50 текше метр су келеді. Бір жыл бұрын ағын секундына 6 текше метр болатын.

Осыған дейін Солтүстік Аралды оңтүстіктен бөліп тұрған Көкарал бөгетінің құрылысы аяқталған болатын. Бөгет Солтүстік Аралда су деңгейін көтеруге мүмкіндік берді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева: 

"Бөгет пайдалануға берілгеннен бүгінгі күнге дейін Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне 46,6 млрд текше метр су келді. Ал соңғы 7 жылда теңізге 13,3 млрд текше метр су түсті. Соңғы жылдары Солтүстік Аралдың су көлемі азайды, алайда 2024 жылдың басынан бастап деңгейі қайта көтеріле бастады және бүгінде 21,4 млрд текше метрге жетті",- деді.

Айта кету керек, Сырдария өзені ағынының 75%–ы Қырғызстанда, 20%–ы Өзбекстанда және 5%-ы Қазақстанда қалыптасады.