Bugin
Фото:Нұржігіт Әбділпатта . "Қазақстан" арнасының сюжетінен скриншот
Отар әскери базасында міндетін өтеп жүріп комаға түскен 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпатта оянды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі әскери қызметкердің өгей әкесі Тимур Жаналиннің Instagram парақшасындағы видеосына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол видеода:
"Біз қуанышты хабар айтқымыз келеді. Ол қазір есін жиып, бізді таныды", - деді.
Осыған дейін әлеуметтік желіде 19 жастағы жалғыз ұлының комада жатқанын және жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанын айтқан қазақстандық әйелдің видео хабарламасы пайда болған еді. Әскери қызметкердің ата-анасы ұлының Жамбыл облысында әскери борышын өтеу кезінде физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын хабарлады.
Сарбаздың анасы президент Тоқаевқа видео үндеу жасады.Зардап шеккен сарбаздың анасы ел президентіне істі бақылауға алуды сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің назарын армиядағы мұндай оқиғаларға жол беруге болмайтындығына аударып, тергеуді бақылауға алуды тапсырды.
Сарбаздың анасы баласының есін жиғанын, жағдайы ауыр екенін айтты. Ол перзентінің қазіргі жағдайы туралы:
"Ішкі құрылыстары қалпына келген жоқ. Емделіп жатыр. Комадан оянғанының өзі бізге үлкен қуаныш. Балаға қазір 6-8 сағат седация жасайды. Себебі ол ұйықтаған уақытта ем-шара жасайды. Бала қазір тыныш жатпайды. Қолдары қимылдап медициналық қондырғыларды жұлып тастағысы келеді. Алда бізді ұзақ оңалту және қалыпқа келтіру процестері күтуде",-деп айтты.
Сарбаз комадан оянса да әлі сөйлей алмайды.