Bugin
Фото: freepik.com
28 маусымда журналистердің кәсіби мерекесіне орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бұқаралық ақпарат құралдары саласының бірқатар қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Dara" Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада масс-медиа саласының қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және "Dara" қорының президенті Әсел Шілдебаева салтанатты түрде табыстады, делінген салалық министрлік хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының БАҚ саласын дамытуға айрықша мән беретінін айта келіп, қуаныш иелерін жаңа қонысымен құттықтады.
"Журналистер арасында "біз не мемлекеттік қызметшілердің, не бюджеттік мекеме қызметкерлерінің санатында жоқпыз, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алмаймыз" деген мәселе жиі көтерілетін. Президенттің тапсырмасымен сол олқылықтың орны толып, жыл сайын журналистерге баспана беру дәстүрге айналды. Ең бастысы, пәтер кілттері еліміздің дамуына, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформаларды халыққа жеткізуге елеулі үлес қосып келе жатқан БАҚ өкілдеріне табыс етіледі",- деді Берік Уәли
Сондай-ақ ол баспана шын мәнінде мұқтаж жандарға берілгенін баса атап өтті.