Bugin
Фото: Видеодан алынған скриншот
Зейнеп Ахметова "Ел арна" телеарнасындағы "Қыздар мен жігіттер" бағдарламасын сотқа беретінін айтты, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бағдарлама барысында Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқан аты аңызға айналған даңқты батыр, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлын ойынға айналдырған. Шоу-бизнес өкілдерінің ерсі әрекетін Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова сынға алды.
Azattyq-ruhy ақпарат порталының тілшілері Зейнеп Ахметовадан сұхбат алды.
"Тәуелсіздік, еркіндік, сөз бостандығы деп кейбіреулер аузына келгенін айтып, ойына келгенін сөйлеп, бейбастыққа барып жүр. Адамның жаны түршігетін, жан-дүниеңді құлазытатын хабарды жанашыр кісілердің бірі жіберіп отыр. Қазақстанға белгілі Атамыздың тікесінен тік тұрған суретінің басын ойып, бір әйел адам сол жерге басын сұғып тұр. Оған айналасындағылар тырқылдап күліп, мәз болып отыр. Бұл не деген бассыздық, не деген тексіздік?! Әруақпен ойнап, Атаның әруағын таптап, басын жұлып алуға кім оларға мұндай құқық беріп отыр?", - деді ол.
Зейнеп Ахметова бағдарламаға қатысқан депутат Дәулет Мұқаевты да сынады.
"Арасында бір депутат бар. Ол не үшін ыржыңдап тұр? Халықтың көзі, құлағы, тілі болады деп сенген халық қалаулысының сиқы сол болса, жетіскен екенбіз. "Әй, тәйт" деуге оның шамасы келген жоқ. Анау ыржақайлармен бірге ыржалаңдап тұрды. Ет сасыса, тұз салады, тұз сасыса, не салады демекші, депутаттың сиқы осы болса, одан не үміт, не қайыр?" - деп ашуланды Зейнеп Ахметова.
Аты аңызға айналған батырдың келіні бұл істі жай қалдырмайтынын, сотқа дейін баратынын айтты.