Hi-Tech
Қазақ фантастика шығармаларының бастауы – Сахиев Жүніс
Жүніс Сахиев 1950 жылы 1 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Алмалы ауылында туған. Жүніс Сахиев 1972 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1977 жылы бітіріп шығады.Университет қабырғасында білімін толықтыра жүріп 1974 жылы «Атлантида жаңғырығы» ұжымдық ғылыми-фантастикалық повесть-бурименің үшінші бөлімі «Тұңғиықта» деген атпен «Қазақстан пионері» газетінде алғаш рет жарық көрді. Ал 1976 жылы Мәскеуден шығатын «Земля и Вселенная» ғылыми-көпшілік журналында Айдың 1975 жылғы шілдедегі тұтылуына жасаған ғылыми зерттеуінің жариялануы автордың сол кезде-ақ Мәскеу ғалымдарының назарына ілінгені анық. Кейін Ж.Сахиевтың «Кеңістік көшпенділері» сериясымен жазған бірнеше романы әр жылдары «Жалын», «Жазушы», «Білім», «Ғылым», «Елорда», «Фолиант» баспаларынан жарық көрді.
Жүніс Сахиевтің шығармашылығы жай фантастика, ойдан шығарылған қиял-ғажайып оқиға емес, қай еңбегі де ғылыммен тығыз байланысты. Жазушының «Жаңбыр жауғанда» ғылыми-фантастикалық романындағы кемеммен ауа райын өзгерте алу идеясы қазіргі кезде шындыққа айналды. Мәселен, қазір әуе кемелері арқылы бұлттарды ыдыратуға болатынын көзімізбен көріп жүрміз. «Шолпанға көшкен ауыл» романындағы негізгі мазмұн тіріні де, затты да жарық сәулесімен өзге орынға көшіруге болатыны туралы еді. Бұл идеяны кейін Австралия университетінің ғалымдары қандай да бір затты лазер сәулесімен бөлшектеп жіберіп, секундтың бір бөлігіндей ғана уақыттың ішінде екінші жерге көшіріп, қайта қалпына келтіруге болатынын тәжірибемен жүзеге асырды.