Bugin

Елордада жыл басынан бері 2200-ден аса интернет-алаяқтық фактісі тіркелген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: freepik.com

Астана қаласында интернет-алаяқтық өзге қалалардан басымырақ, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы. Елордадағы интернет-алаяқтық туралы Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, аға лейтенант Айдар Қонысбек Bugin.kz тілшісіне сұхбат берді.

“Елімізде цифрландыру жақсы дамып келеді. Қазір тауар сатып алу, ақша аудару интернет арқылы жүзеге асады. Әрі жасанды интеллект пайда болды. Осының бәрі аталған қылмыс түрінің көбеюіне әсер етті. Жыл басынан бері елорда аумағында 2200-ден  аса интернет-алаяқтық фактісі тіркелді”, - деді ол.

Айдар Қонысбектің мәліметінше, бұл қылмыстың алдын алу мақсатында жүргізілген профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде елордадағы интернет-алаяқтық фактісі алдынғы жылдың 2 тоқсанымен салыстырғанда 1,4 пайызға төмендеген. Әрі елімізде аталған алаяқтық бойынша жоғарғы көрсеткіш Астана қаласында екен.

“Басқа қалалармен салыстырғанда Астана қаласында интернет-алаяқтық фактісі көбірек. Астанада мемлекеттік қызметкерлерге қатысты аталған қылмыс түрі жиілеп кетті. Министрліктер, мемлекеттік органдар, үлкен корпорациялардың бәрі осы қалада болғандықтан интернет-алаяқтық көбейген”, - деді ол. 

Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі алаяқтар адамдарды қалай алдайтыны туралы айтты.

“Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы банк қызметкері немесе құқық қорғау органдарының қызметкері болып тұрғындарға хабарласып, алдайды. Тағы бір алдау тәсілі – фишингтік сайттарды пайдалану. Тауарды сату барысында тұтынушыға сілтеме жібереді. Ол сілтемден өтіп, банктік деректемелерін тереді. Содан кейін интернет-алаяқтар банк картасындағы ақшаны шешіп алады. Келесі адамдар әлеуметтік желіде, интернет платформаларында (olx, kolesa, krisha) көзбен көрмеген тауарға ақша аударымын жасау арқылы интернет алаяқтардың құрбаны болып жатыр”, - деді Айдар Қонысбек.

Осы орайда елорда тұрғындарынан аталған алаяқтыққа алданбау үшін қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанын сұрадық. 

“Алаяқтарға алданбау үшін халықты барынша хабардар етіп келеміз. Телеарнадағы жарнама кезінде ескерту видеороликтері көрсетіледі. Радио арқылы аудио трансляция жүргізіледі. Қаладағы ойын-сауық орталықтары мен автобустарда интернет-алаяқтардан сақтану керектігі айтылады”, - деп жауап берді ол. 

Айдар Қонысбек Астана қаласы полиция департаменті мен әкімдік қызметкерлері бірлесе волонтерлік қозғалыстарды тарта отырып, тұрақты негізде іс-шаралар мен акциялар өткізетінін мәлімдеді.