Bugin
Фото: freepik.com
Шымкентте инстаграм әлеуметтік желісі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырған әйел сотталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
ҚМА ақпаратынша, қала тұрғыны "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" Заңның талаптарын бұза отырып, тиісті лицензиясысыз, заңсыз пайда табу мақсатында 2 аккаунттан тікелей эфирде "ЛОТО" ойнатқаны анықталды.
"Лотерея ұтысы ретінде Toyota Land Cruiser Prado маркалы автокөлігі, Samsung, IPhone, Redmi смартфондары, зергерлік бұйымдар және тұрмыстық техника қойылды. Аталған заттар тәркіленіп, заттай дәлелдемелер деп танылды", - делінген хабарда.
Сонымен қатар ол лотерея билеттерін сату бойынша белсенді жарнаманы жүзеге асырған (1 данасын – 5000 теңгеге, 3 дана – 10000 теңге, 6 дана – 20000 теңге, 12 дана – 40000 теңге, 30 дана – 100000 теңге).
Жалпы жиналған қаражат 96 млннан асқан. Әйел 1 жылға бас бостандығынан айырылды.