Bugin
Фото: Сандық мейрамханасы
Шай - әлем бойынша кең таралған сусын. Шөлді басатын сусын ыстық және салқын күйінде де сұранысқа ие.
Шайға қатысты қазақ арасында әзіл-шыны аралас әңгіме де жиі тараған. "Шай ішпесек басымыз ауырады", "қазақтар аптап ыстықта да шай ішеді" деп жатады. Үй жағдайында қарапайым шайды да түрліше дайындап, ұсынуға болады.
"Ташкент шайы" не жалбыз қосылған шайды даярлау үшін жалбыз, бал, қант не науат, лимон қажет болады. Шәйнекке түйіршіктелген қара шай мен жалбызды салып, үстінен бал құясыз. Оның үстіне науат, лимон салып, ыстық су құясыз. Шайдың ерекше дәмі шығу үшін 1-2 минут демдеп аласыз.
Жаз айында қатты танымал шайдың тағы бір түрі - жеміс-жидекті шай. Құлпынай, лимон, таңқурай сынды өзіңізге ұнайтын түрлі жидектерді даярлап аласыз. Одан соң шәйнекке түйіршіктелген шай мен жидектерді салып, дәм беруге арналған арнайы сусынды 1 шай қасық пен ыстық суды құясыз. Өз қалауыңызша бал мен қантты қосуға болады.
Қазір қатты танымал тары шайды да жасау оңай. Ол үшін қуырылған әрі суға қайнатылған тары қажет болады. Шай түйіршіктерін шәйнекке салып, үстіне ыстық сүтті құйып, тарыны саламыз. Дайын болған сұйықтыққа ыстық су құйып, дәміне қарай бал қосамыз. Осылайша хит болған тары шайын көпке ұсынуға болады.