Weekend

Анама хат

Хат жанрындағы мақала

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жақұттай жарқыраған жанымның бір бөлшегі. Жанашырым, бар асылым , Анашым ! Анашым денсаулығыңыз қалай? Ауырмай- сырқамай жүрсіз ба? Үй-іші аман ба ? Ата-әжем ерке қыздарын сағынып жатқан болар...  Менде оларды сағындым... Арман қуып, Алатаудың бөктеріне батасын беріп жіберген ерке қыздарының тілеуін тілеп жүрген шығар.

Анашым, мен сізді қатты сағындым... Ата-әжем мен әкешімді, бауырларымды да сағындым... Таңертең мандайымнан иіскеп ұйқымнан оятқан сәттеріңізді, жаңа пісірілген ыстық сүтке нан турап, қарның ашып қалмасын деп беретін асыңызды, мектепке жылы шыраймен шығарып салып, әдемі күлкінізбен қарсы алатын кездеріңізді сағындым... Мектептен шегін шұрылдып, тау көтеріп келгендей шаршап келгенде дастарқанды толтырып түрлі тамақ әзірлеп күтіп отырған сізді көріп, менен бақытты жан болмаушы еді. Алтыным , Анашым ! Аяулым,ардақтым, асылым Анашым . Қазір сіздермен өткен әр минут, әр секундтың қаншалықты қымбат екендігін алыста жүріп түсінудемін. Сол сәттерді дер кезінде бағалай алмағандығыма кей уақыттарда қапаланып та қаламын...

Мәпелеп қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген Ақеркеңіз алып қалаға әлі де үйренісе алар емес. Ауылдың топырағына аунап өсіп, ауасына еркін тыныстап, аңғал ауыл адамдарының шынайы бейнесін көріп өскеннен болар... деп ойлаймын . Мұнда мүлде басқаша екен анашым. Қала адамдары да өзгеше болады екен. Бірақ оған да етім үйреніп кетті. Қазір көп нәрселерге мән бере бермейтін болдым. Алтын ұямнан қанат қағып, армандарыма қарай бет алғанша өздеріңіз тәрбиелеп, мені баптадыңыздар. Ал қазір мен өз-өзімді тәрбиелеудемін.

Жаным анашым, мен арман қала Алматыға аспанмен тірескен армандарыма жету үшін келдім. Сіз артқан сенімді ақтап, өзім бағындырар биік шыңдарды бағындыруға қолымнан келгенше күш-жігерімді салуға серт еттім. Менің қорғанымда, тіреуімде, жанашырым да өзіңізсіз анашым. Сіз маған өмірде жақсылық пен жамандықтың, қуаныш пен көз жастың , шындық пен өтіріктің, үміт пен күдіктің қатар жүретіндігін санама құйып өсірдіңіз. Қандай да бір жетістікке жетіп мерейім тасып жатқанда шүкіршілік етуді үйреттіңіз. Ардақты анашым, жердегі жұмағым менің. Барлығы үшін сізге қанша алғыс айтсамда артық болмас сірә. Анашым, мен сізді үлгі тұтамын. Өзіңізге қарап бой түзеп, сізге қызыға да таңырқай қараймын. Сіздің бала күніңізден бастап көрген қиыншылықтарыңыз, басыңыздан өткен небір ауыр қасіреттеріңіз, түрлі сынақтардан сүрінбей өткендігіңіз шыдамдылығыңыздың белгісі. Төзімділігіңіз мен ержүректілігіңізге таңданып, таңғалмау мүмкін емес шығар.

Қанша қиын күндерді басыңыздан өткерсеңіз де адамдарға деген мейірімділігіңізді жоғалтқан емессіз. Кеңпейілдігіңіздің арқасында өзіңізбен көптеген жандардын араласып сырласқысы келеді. Аяулы анашым,асыл анам! Менің сізден әлі аларым көп. Мен осынау үлкен алып әлемге аттанарда сеніммен қараған көздеріңіз мені жарқын болашаққа жетелеп келеді. Анашым сіздің сеніммен қараған көздеріңізге ешқашан селкеу түсірмеймін деп ойлаймын ...Алдағы уақытта сіз армандаған, жеткіңіз келген биік биік шыңдарды бағындыратын боламын.

Анашым, мен бауырларымның болашағы үшін де аянбай еңбек ететін боламын.. Сіз тек тілеуімді тілеп, қолдай білсеңіз болғаны. Алматының төріндегі ҚазҰУ қалашығынан өзіңізге сәлем жолдаймын анашым! Барлығына сәлем айтыңыз, бауырларымның бетінен сүйіп қойыңыз. Қасиетті Шалтауының баурайына наурыз мейрамында барамын. Әкемнің 40 жасқа толған туған күнінде ағайын, тума-туыспен басымыз қосылып, бір мәз-мейрам болып қалатын болдық. Аллам сол күнге жеткізсін аяулы Анашым! Жарайды, анашым сау болыңыз! 

Бұл ерке қыздарыныздың алғаш рет еркеліксіз жазған ой-түйері еді...