Bugin

“Ұлдар ауысып кеткен”: Қымбат Досжан Жәнібекке қатысты тың ақпарат айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: инстаграм @kymbatdoszhan

Белгілі журналист Қымбат Досжан әлеуметтік желідегі парақшасында тың деректі айтты, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Журналист Арқалық қалалық полиция басқармасы және "Бармысың, бауырым?" хабарының  редакциясы Батталова Жанна Бекеновнаға іздеу жарияланғанын хабарлады. 

"Архивтік құжаттарға сүйенсек, Жанна Батталова 2002 жылғы 12 қаңтар күні таңғы 9 сағ. 10 минутта  Арқалық перзентханасында салмағы 2750 гр. бойы 53 см. ұл баланы дүниеге әкелген. Жанна Батталованың жасы 19-да болған, демек ол 1983 жылғы болуы мүмкін. Туған жері Атбасар, мекенжайы:  Победа көшесі 8-2.  Жанна Батталова Арқалық кооперативтік  техникумында немесе Педагогикалық училищесінде 2001-2002 жылдары оқыған болуы мүмкін. Жанна Батталованың  ерекше белгісі — бір көзі қыли (сходящее косоглазие) деп жазылған. Жанна Батталова өмірге әкелген нәресте — Даниярды 2006 жылы америкалық  отбасы асырап алған", - делінген жазбада.

Қымбат Досжан не үшін бұл азаматшаны іздеп жатқанын мәлімдеді.

"Біз неге Жанна Батталованы іздеп отырмыз? Жауабы:  табылған мәліметтер арасында Даниярдың фотосы бар.  Естеріңізге салсақ,  Жәнібектің құжатында анасы деп жазылған "Жазира" былтыр желтоқсанда табылды.  Ол әйел 2002 жылдың қаңтарында перзентханаға құжатсыз, жедел жәрдеммен барып, босанып, баланың есімін "Жәнібек" деп қойып, 4 күннен кейін дәрігерлерге аты-жөнін өтірік айтып,  қолхат жазып, перзентханадан кетіп, сол күйі оралмаған, оны өзі мойындап отыр. Бірақ Жәнібек пен "Жазираның" ДНҚ анализ нәтижесі 0% болып шықты.  Даниярдың фотосынан байқағанымыз, бала "Жазираға" ұқсайды. Қазіргі күдік, "Жазира" мен Жаннаның ұлдары ауысып кетуі мүмкін. Өйткені тергеушілердің зерттеу нәтижесі бойынша: Данияр мен Жәнібектің арасы 5 күн", - деді журналист. 

Қымбат Досжан Данияр мен Жәнібек бір күнде балалар үйіне өткізілгенін айтты.