Bugin

Күйеуінен қорлық көрген әйел жан-сырын айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Жеке архивтен

Астана қаласының тұрғыны күйеуінен көрген қорлығын жайып салды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Massaget.kz-ке сілтеп.

Алтынай Нұрсолтанова есімді келіншек бұрынғы күйеуі Әсет Аюпов балаларының көзінше өлімші етіп сабап тастағанын айтады. Алған соққының салдарынан келіншек бүгінде үшінші топтағы мүгедек атанып қалған.

Әйел күйеуінің ұрғанын бұған дейін отбасын сақтап қалу үшін бірнеше рет кешіріп келіпті.

Ал қайғылы оқиға 2022 жылы 17-нен 18 наурызға қараған түні 2 және 1,3 жастағы екі ұлының көзінше болғаны белгілі болды.

"Семейден менің құрбым келетін болды, мен онымен кездесу үшін Әсеттен рұқсат сұрадым. Ол жіберді, бірақ үйдің барлық тірлігін істеп, балаларды тамақтандырып, ұйықтатып кеткенімді қалады. Сонымен мен сағат түнгі 22:00 болуын күтіп, кенже ұлымды ұйықтаттым да, жиналып үйден шығып кеттім. 1 сағаттан кейін күйеуім бейнеқоңырау шалып, қайда екенімді сұрады да, қатты кешікпеуімді өтінді. Кездесуден кейін үйге келіп төсекке жатқаным сол еді, мені аяғымен итеріп жіберді. Осыдан кейін қайтадан ұрыс басталды, мен шыдай алмай, оның мұндай тірліктерінен әбден шаршағанымды жеткіздім. Екеуміздің айғайымыздан балалар оянды. Бір уақытта ол ұялы телефонынан диктофон қосып, бірден әңгімесін өзгертті. "Мен балаларға қарап, үйде отырамын, ал сен түннің ортасына дейін қаңғырып, келгеннен кейін маған дауыс көтересің" деп әдейі айтты. Мен бұл туралы тергеу барысында білдім. Содан мен де ішімде сақтай алмай "сен менімен тек ыңғайлы болғандықтан тұрып жатырсың, мен сені жұмысқа кіргіздім, менің көлігімді айдайсың, менің үйімде тұрдық" деп ауыр сөздер айттым да, қолымды бір сілтеп бөлмеден шығып жатыр едім, артымнан басымнан қатты доғал затпен соққы жасады. Соққыдан мен жерге құладым. Ал күйеуім бір соққымен шектелмей, бүкіл денемді тебе бастады. Мен "болды, болды" деп тұра алмай жатқанымда, жұдырығымен бетімнен, басымнан ұрды. Шамамен 35-40 соққы болды. Балалар жан дауысымен жылап жатыр, мен күйеуімнен мені жіберуін сұрап жылап жатырмын. Ішімнен "болды, өлген жерім осы шығар" деп ойладым, өйткені ол мені өте қатты және ұзақ уақыт бойы ұрып-соқты. Ол бір уақытта тоқтап, пәтерден шығып кетті. Ал мен есімді жия алмай, қан-қан болып, еденде жата бердім. Мүмкін, періштелердің көмегі шығар, жатқан жерімнен ұялы телефоныма дейін еңбектеп барып, анама қоңырау шалдым. Анама "жағдайым өте ауыр, өлейін деп жатырмын ба, білмеймін, Әсет мені ұрып тастады" дедім де есімнен танып қалдым. Анам бірден "102", "103" нөміріне қоңырау шалып, дабыл қаққан", - деді ол.

Ең өкініштісі, әйелге күйеуінің туыстары көмектесуге асықпапты. 

Ал оның бұрынғы жұбайы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған. Өз өміріне алаңдаған әйел биліктен көмек сұрайды.