Bugin
Фото: инстаграм @nursulu_shaimerden
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде журналист Гүлмира Әбіқай оқырмандарымен қаза болған Айдос Шаймерденнің отбасына көмек беретіндігін жазды, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов алыпқашпа сөздер туындамас үшін марқұмның отбасына көрсетілген қолдаулар туралы есеп беруді жөн санаған.
2024 жылдың сәуірінде "Майқайың-алтын" АҚ Айдос Шаймерденнің жұбайы Нұрсұлу Шаймерденге 28 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.
Осы жылдың басында құтқарушының отбасы мен ата-анасының 8 миллион теңгеден астам барлық несиелері төленді.
"Менің атымнан облыс әкімдігі 2024 жылдың 1 маусымында Нұрсұлу Шаймерденге Павлодардан 4 бөлмелі пәтер сыйға тартты, өйткені, Айдостың артында 5 кәмелетке толмаған баласы қалды", - дейді облыс әкімі.
Бұл ретте әкім блогерлер мен белсенділер жариялаған жекелеген көмектерге еш қарсылығы жоқ екенін жеткізді.