Bugin
Фото: bugin.kz
Аралға "жаңбыр жауғызамын" деген Алтай Айнабек қоғамда қызу талқыға түсті. Оның әрекетіне Су ресурстары және ирригация министрлігі пікір білдірді,- деп хабарлайды bugin.kz порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызмет өкілі Алтай Айнабек вице-министрмен кездескенін, оның идеясын тыңдағанын растады. Бірақ бұл мәселенің бағасын Экология министрлігі беретінін мәлімдеді.
Ведомствоның ресми жауабына сүйенсек, министрлік бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізбеген.
"Қазіргі уақытта Аралға жасанды жолмен жаңбыр жауғызған іс-әрекет министрлік тарапынан зерттелмеді және жасанды жаңбырдың әсерін бағалау үшін жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Климаттың өзгеруі мен болжамға қатысты сұрақтар "Қазгидромет" РМК-ның құзыретіне жататынын хабарлаймыз", - деп жазылған ресми сауалға жауапта.
Қазгидромет Massaget.kz-ке берген ресми жауабында ведомство жеке және заңды тұлғалардың жұмысына баға бермейтінін, маусым-шілде аралығында синоптикалық процестерге, белгілі бір аймақтың географиялық және климаттық ерекшеліктеріне қатысты өзгерістер тіркелмегенін мәлімдеді.
Ал Алтай Айнабек құлықсыздық танытқан Қазгидрометке өз ренішін жеткізген.